Жарылыста қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасы қуанышқа кенелді

0 24

Былтыр Байзақ ауданында орын алған жарылыс ел жадынан өшкен жоқ. Сол оқиғадан 15 әйел жесір, 34 бала жетім қалған еді. Қызметіне адалдық танытқан арда азаматтың бірі аға құтқарушы, сержант – ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған ерназарлық Тәңірберген Төребеков. Антына адал азаматтың артында асыл жары Мағжан Сыздықова мен Айсұлтан, Талант, Аслан есімді үш баласы қалған еді. Қайғылы оқиға кезінде Тәңірбергеннің жары жүкті болатын. Марқұм күйеуі тірі кезінде «төртінші сәбиім қыз болса, есімін Айсезім деп қоямын» деп ниеттенген екен.Әкенің арман-тілегі 10- наурыз күні орындалды.

Мағжан көптен күткен қыз баланы дүниеге әкелді. Есімін Айсезім деп атады. Қуанышты хабарды естіген аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев Ерназар ауылының әкімі Қайрат Әділовпен бірге Тараз қаласындағы облыстық перзентханаға арнайы барып, Төребековтер әулетінің қуанышына ортақтасып қайтты. Ана мен балаларына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Ел бастаған азаматтар батырдың жарына гүл шоқтарын ұсынып, сый тарту етті. Әулеттің анасы Айсұлу Нұралиева көзіне жас алып: «Баламды жоқтатпай, көңілімді аулап жатқандарыңыз үшін рақмет. Бала-шағаңыздың қызығын көріңіздер. Баламның іші сезді ме екен, қыз болса, атын Айсезім деп қоямын деген. Бүгін баламның сол аманатын орындап, перзентханадан шығарып жатырмыз. Барлығы үшін бәріне рақмет», – деп аналық алғысын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.