Шағын футбол алаңшасы пайдалануға берілді

0 7

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласында көптеген спорт нысандары ашылып, тұрғындар игілігіне тапсырылуда. Соның бірі 6 шілде – «Астана күні» мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді.


Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ҚР Парлеманті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай, облыстық Қан орталығының директоры Гулам Умаров, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен №7 аумақтық округінің тұрғындары қатысты.
Әуелі сөз алған Мұқаш Зұлқарнайұлы тұрғындарды құттықтап, жас спортшыларға жеңісті жол тіледі.
Келесі кезекте шаһар басшысы Б. Орынбеков сөз алып, ұлт денсаулығы және бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдылықтарының бірі екеніне тоқталды.
– Аталған бағытта облыс орталығында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Айталық, қазіргі таңда Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің теңгеріміндегі 35 шағын футбол алаңшасында 8 420 бала мен жасөспірім спортпен шұғылдануда.
Сондай-ақ биыл қаламызда 9 шағын футбол алаңшасының құрылысы жүріп жатса, 14 алаңша күрделі жөндеуден өтуде. Бұл – спортқа деген үлкен қамқорлық! Бүгінгі «Астана күніне» орай пайдалануға беріліп отырған шағын футбол алаңшасының ашылуы – осы сөзіміздің жарқын дәлелі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы шара қатысушыларын айшықты мереке – «Астана күнімен» құттықтап, балақайларға ойын доптарын сыйға тартты.
Сонымен қатар, қалалық мәслихат төрағасы К. Олжабай, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Д. Бейсенқұлов пен округтің құрметті тұрғындары ыстық лебіздерін білдірді.
Шара округ балақайларынан құралған командалар арасындағы шағын футбол турниріне ұласты. Жарыстың алғашқы добын қала әкімі Б. Орынбеков тепті. Содан соң қонақтар жайылған дастарқаннан дәм татты.
Су жаңа алаң округке қарасты Өзбек көшесінің 3-бұрылысында орналасқан. Көлемі – 20х40 метрді құрайды. Мұнда аяқдопқа жаны құмар жандар үшін барлық жағдай жасалған. Жұмсақ төсемі мен жаңа жабдықтары балалар мен жергілікті тұрғындардың бос уақытта спортпен емін-еркін шұғылдануына мол мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар стритбол, балалар ойын алаңшасы мен ересектерге арналған бастырма да қарастырылған.
Өз кезегінде тұрғындар да игі істі жүйелі жүргізіп келе жатқан қала басшылығына ақжарма тілектерін арнады.
– Көшемізде футбол алаңының ашылғанына қуаныштымыз. Жазғы демалыс кезінде балаларымыздың бос уақыты көп болады. Кейде телефонға телміріп отырған жастарға қарап жаным жабырқайтын. Сондай кездерде заман талабына сай футбол алаңшасы болса деп ойлайтын едім. Бүгін көптен күткен тілегіміз орындалды. Енді жастарымыз футбол ойнап, уақыттарын тиімді өткізіп, болашақта атақты футболшы болады деп ойлаймын, – деді округ тұрғыны Мұратбек Исаков.
Айта кетейік, спорт алаңшаларын ашудағы негізгі мақсат – Тараз қаласы тұрғындары, жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту.

Leave A Reply

Your email address will not be published.