Тараз қаласына 10 жаңа қоғамдық көлік жеткізілді

0 6
Тараз қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында №31 жаңа маршрут ашылып, қалалық тасымалдаушы «Smart City Service» мекемесі жеткізген 10 жаңа «Golden Dragon» автобусы жолға шықты.
Жаңа автобустардың 9-ы №31 маршрут бойынша қатынайды. Маршрут Ақбұлым алқабынан басталып, Кірпіш зауыты, Жауғаш батыр, Балуан Шолақ, Абай, Байзақ батыр, Комратов, Қонаев, Сейфуллин, Әл-Фараби, Төле би, Махамбет батыр көшелері арқылы өтіп, Ниетқалиев көшесінде аяқталып, Минералды тыңайтқыштар зауытына дейін жалғасады.
Маршруттың жалпы ұзындығы – 23,5 шақырым. Қозғалыс аралығы 13 минутты құрайды. Қызмет көрсету 2026 жылғы 12 қаңтардан басталады. Қалған 1 автобус резервте сақталады.
Айта кетейік, Ақбұлым алқабы Байзақ және Жамбыл аудандарынан Тараз қаласына қосылған елді мекен болғандықтан, оны қоғамдық көлікпен қамту мәселесі өзекті болып отыр.
Қазіргі таңда Тараз қаласында 9 компания 50 маршрут бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыруда. Соңғы 4 жылда қала автобус паркі 388 жаңа қоғамдық көлікпен толықты (2021 ж. – 32, 2022 ж. – 37, 2023 ж. – 73, 2024 ж. – 155, 2025 ж. – 91).
Leave A Reply

Your email address will not be published.