«Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы» КММ ақын Күләш Ділдәқызы Ахметованың мерейтойына орай «Жыр жұлдызы: Күләш Ахметова мұрасы» атты поэтикалық баттл ұйымдастырды. Қараша айында өмірден озған көрнекті ақынды еске алу шарасы бір минуттық үнсіздікпен басталып, оның рухына тағзым жасалды.
Қазақ поэзиясына нәзіктік пен биіктікті қатар сыйдырған ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен баттл дәстүрлі еске алу форматынан өзгеше, поэзия мен шығармашылықты ұштастырған ерекше үлгіде ұйымдастырылды. Шараға С.Нұрмағамбетов атындағы орта мектептен, Ө.Жолдасбеков атындағы орта мектептен және дарынды балаларға арналған мамандандырылған «IT» лицей-интернатынан оқушылар қатысып, өзара бақ сынады.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды.
«Мен және Жасанды Интеллект» кезеңінде қатысушылар жасанды интеллект тақырыбын креативті түрде ұштастырып, өзін-өзі таныстырды.
«Жүрегім үндейді» кезеңінде оқушылар Күләш Ахметованың өз қалауындағы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Музыкалық сүйемелдеу мен сахналық көрініс қосымша ұпаймен бағаланды.
«Ақын жолын жалғастыр» кезеңінде қатысушыларға ақын өлеңдерінен үзінді беріліп, оның философиялық-эмоционалдық құрылымын сақтай отырып, поэтикалық мәтінді логикалық әрі стилистикалық тұрғыдан аяқтау тапсырылды.
«Кескіндегі өлең» кезеңінде ұсынылған картинаның мазмұны мен көңіл күйіне сәйкес келетін ақын шығармасынан үзінді таңдалып, мәнерлеп оқылды.
Сайыс барысында қатысушылар өз өнерлерін жан-жақты көрсетіп, сөз бен ойды таразыға салды. Әділ қазылар алқасы өнер мен шынайылыққа негізделген шешім шығарып, жеңімпаздарды дипломдармен және алғыс хаттармен марапаттады.
Шара соңында ақынның «Орман» кітабының нүктелі бедерлі Брайль қарпіндегі нұсқасының тұсаукесері өтіп, бір данасы арнайы «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына табысталды.
Аталған әдеби шара ақын мұрасын ұлықтауға, жас буынның поэзияға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған мазмұнды рухани кездесу болды.