Қазақстандықтар несие карталарын пайдалануды неге сиретті – сарапшы пікірі

0 2

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мен банк қызметтерінің көлемі артса да, еліміздегі несие карталарының нарығы айтарлықтай төмендеген. Ұлттық банктің дерегіне жүгінсек, төлем карталарының арасында несие карталарының үлесі біртіндеп азайып келе жатыр. Бұл халықтың қаржы саласындағы түсінігінің өзгергенін және қарыз алудан барынша сақтанатынын көрсетеді.

Аталған мәселе жөнінде Ұлттық банкке сауал жолдаған едік. Ресми жауапқа сенсек, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, елімізде 42,6 млн белсенді төлем картасы тіркелген. Оның 4,6 млн-ы – несие карталары, яғни нарықтың 11%-ы. Соңғы бір жылда несие карталарының саны 1,1%-ға азайған. Ал 2026 жылдың 1 сәуірінде төлем карталарының саны 42,3 млн болса, несие карталарының да саны қысқарып, 4,3 млн-ға дейін төмендеген. Демек, бұл жалпы көрсеткіштің 10%-ы.

Биыл алғашқы тоқсанның өзінде несие карталарының нарығы шамамен 300 мың данаға азайған. Карталардың жалпы санына қарасақ, бұл болмашы өзгеріс секілді көрінеді. Алайда осының өзі халықтың қарыз алуға деген көзқарасы ақырындап өзгеріп келе жатқанын білдіреді.

Экономист, R-Finance-тың қаржы саласындағы кеңесшісі Арман Байғановтың сөзінше, мәселе аталған нарықтың құлдырауында не өрлеуінде емес, бастысы – бұқараның қаржылық сауатында.

– Несие картасы – адамды тәуелді қылатындай механизм. Өйткені, оны кез келген уақытта алуға болады, яғни ыңғайлы. Бұл – банктерге қаржылық өнімдерін сату және қарызға беру үшін жақсы құрал. Алайда бұқараға оның екіұшты салдары бар. Егер азаматтың қаржылық сауаты болса, яки несиеге алған ақшаны нақты жоспармен тиімді жұмсаса, онда жақсы. Ал беталды құртып, ысырап қылса, онда несиесін қайтаруда қиындықтар туындайды, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, несие өздігінен қаржылық қысымды арттырмайды. Бәрі де қарыз алушының қаржылық сауаты мен алған ақшасын қалай жұмсайтынына байланысты.

– Меніңше, несие адамға қаржылық қысымды күшейтпейді. Бұл – бар болғаны қаржылық құрал. Егер адамның несиені жұмсау жөнінде нақты қаржылық жоспары болса, ақшасын ақылмен пайдаланса – несие картасы зиянды дүние деп айта алмаймыз. Сонымен бірге, несиені қайтаруда басты фактор табыс деңгейі емес. Борышкердің қанша кіріс табатыны емес, жауапкершілігі мен қаржылық сауаты маңызды. Мысалы, ондай қасиеті жоқ кей қалталы кісілер несие төлеудің уақытын кешіктіріп жатады. Керісінше, айлығы орташа азаматтар шамасы жететін деңгейде ғана қарыз алып, несие картасын ұтымды қолдана білетін жағдайлар да кездеседі, – дейді ол.

Арман Байғановтың пікірінше, несие карталарының азаюы – халықтың қаржылық сауаты ақырындап көтеріліп келе жатқанынан болуы мүмкін. Сонымен бірге, бөліп төлеу және дебеттік өнім тәрізді балама тәсілдердің дамуы да әсер етіп отырған болуы ықтимал. Мұндай жағдайда тұтынушылардың қаржыны ұтымды әрі жоспарлы жұмсау деңгейі өсетіні түсінікті.

Сонымен қатар, алдағы уақытта нарық қалай өзгеретіні банктердің жүргізген саясатына емес, бұқараның қаржылық сауаттылығы деңгейіне және ақшасын тиімді жұмсай білуіне байланысты болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық Банк клиенттерге банк картасын қорғау бойынша кеңес бергенін жазғанбыз.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.