Облыстың бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 3 маусымдағы №22 Қаулысына сәйкес карантин режимі бойынша бірқатар жеңілдіктер күшіне енді. Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Атап айтқанда 4 маусымнан бастап барлық автокөлік құралдарының және азаматтардың Жамбыл облысының және облыстың барлық елді мекендерінің аумағына кіруіне және шығуына, облыс аумағы бойынша адамдар мен жеке көліктің еркін жүріп-тұруына рұқсат етілді.
Дайындық актілерін алған компанияларға жолаушылар тасымалы үшін қоғамдық көліктің қозғалысына рұқсат етілді.
Қоғамдық көлік антисептикалық құралдармен қамтамасыз етіліп, тиісті санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет.
Саябақтарға, алаңдарға және скверлерге, жағалауларға әлеуметтік қашықтық пен маскалық режимді сақтай отырып, шектеусіз баруға рұқсат етілді.
Сондай ақ 50-ден аспайтын орны бар қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмыс жасауына рұқсат берілді. Отыратын орындар арасында 2 метрден кем емес қашықтықты сақтау қажет. Бірақ ұжымдық іс-шаралар өткізуге рұқсат берілмейді.
Сонымен қатар, мониторинг топтарының дайындық актілерін алған халыққа қызмет көрсету орталықтарының, базарлардың, аумағы 2000 ш.м. дейін сауда дүкендеріне, автомобиль көлігінің қосалқы бөлшектерін сататын дүкендерге, тұрмыстық техника дүкендеріне, теміржол вокзалдарына, автовокзалдар мен автостанцияларларға, қонақ үйлерге, ЅРА және фитнес салондарға, жоғарыда аталған Қаулыда көрсетілген басқа да нысандарға қалыпты режимде жұмыс жасауына рұқсат берілді.
Облыс бойынша осы талаптардың сақталуын бақылайтын 39 мониторингтік топ құрылды.
Сарысу, Мойынқұм, Меркі, Жуалы аудандарында короновирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты болуына байланысты:
— мектепке дейінгі балалар ұйымдарының, түзету кабинеттерінің, білім беру орталықтарының, үйірмелердің (алдын ала жазылу бойынша), қоғамдық моншаның жұмысына рұқсат берілді.
Бүгінгі күнге облысымызда коронавирус инфекциясымен жалпы 412 науқас тіркелді. Өкінішке орай, науқастардың өсімі толық тоқтамай отыр.
Сол себепті, көлемі 2000 ш. м. астам сауда орталықтарына,түнгі клубтарға, дискотека орындарына, қоғамдық монша, сауна, бассейндерге, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы балалар ойын алаңдарына, кинотеатрларға, компьютерлік және ойын клубтарына; балаларды сауықтыру лагерьлеріне, діни ұйымдарға мешіттер, шіркеулер, храмдар және т. б. 50 адамнан астам қоғамдық тамақтану объектілеріне, концерт залдары мен цирк қойылымдарына, автомобиль және мал базарларының жұмысына рұқсат берілмейді.