Былтыр басталған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына кірген елді-мекендердің тұрғындары тиесілі қаражатқа қол жеткізіп, жобаның тиімділігін көре бастады. Қазір мемлекет қаржысына 2482 тұрғын қол жеткізген,- деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жобаға бүгінде 10 ауданнан 11 пилоттық ауылдық округ қатысуда. Онда барлығы 26 елді мекен қамтылып отыр. Қанат қақты жобаның 5 бағыты бойынша 8 миллиард 503 миллион теңге несие берілген. Атап айтсақ, бұл қаражаттың 7 миллиард 200 миллион теңгесі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 2,5 пайызбен таратылды. Оған 2482 тұрғын ие болды. Ал «Тараз» МҚҰ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 1 миллиард 303 миллион теңге несие 5 пайызбен берілді.
Есте болса, бұл қанатқақты жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жер телімдерін тиімді пайдалану болатын. Жобаға қатысуға ниет білдірген елді мекендердегі 8337 ауланың 7856-ы үй іргесіндегі жер телімдерін тиімді пайдалануда. Бүгінгі таңда үй іргесіндегі жалпы аумағы 932 гектар жер телімі мақсатты игеріліп отыр. Ол жер телімдеріне картоп, көкөніс пен бақша дақылдары егіліп, жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылған.
Сонымен қатар үй іргесіндегі жер телімінен 16 жылыжай салу жоспарланған. Олардың құрылыс жұмысына қазынадан 138,1 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұдан бөлек, тұқым, тыңайтқыш пен химиялық қорғау заттарын алу үшін 125,9 миллион теңгеге қаралып, бұл 11 ауыл шаруашылығы кооперативі айналым қаражатымен қаржыландырылып, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жобаның екінші бағыты мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұл бойынша жобаға қатысушылар тарапынан 2454 өтініш түсіп, 6 миллиард 905 миллион теңгеге 44 850 бас мал сатып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда 6 миллиард 027 миллион теңгеге 42 454 бас мал сатып алынып, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркелген. Ендігі кезекте 6395 бас мүйізді ірі қара, 23789 бас қой, 5841 бас жылқы, 3775 бас құс сатып алу бойынша жұмыстар жалғасуда.