Еліміздің әскери теңіз күштерін суасты және әуеден шабуылдайтын дрондармен жабдықтау жоспарланып отыр.
Бұл туралы Ақтаудағы әскери теңіз базасында биыл атқарылған жұмыстарды қорытындылау барысында Қорғаныс министрлігі әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Сәкен Бекжанов айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Президент армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөнінде нақты міндет қойды. Осыған сәйкес әскери теңізшілер Каспийдің қазақстандық секторында дайындық деңгейін жетілдіріп жатыр. Олар биыл бірнеше оқу-жаттығу өткізді. Зымыранды-артиллериялық корабльдерді жауынгерлік мақсатта қолдану іс-қимылдарын пысықтады.
Айта кетерлігі, әскери кемелер мен жағалау инфрақұрылымын суасты диверсиядан және ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратынан қорғауға басымдық берілген.
Әлем елдерінде жүріп жатқан қарулы қақтығыстар дронның ұрыста тиімділігін байқатқан. Контр-адмирал жауынгерлік флот қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі мақсаттағы дрондарды қолдану күн тәртібінде тұрғанын айтты.
— Ақтау және Құрық портының қауіпсіздігін, сондай-ақ Транскаспий дәлізінің қазақстандық бөлігі арқылы жүк ағыны кедергісіз өтуін әскери теңізшілер қамтамасыз етеді. Әлем елдерінде теңіз инфрақұрылымына террорлық шабуыл жасау жиілеп барады. Осы тұрғыдан жауынгерлік флот елімізге судан келетін қатерге кез келген уақытта қарсы тұруға дайын, деді ҚР ҚК әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Сәкен Бекжанов.
Әскери теңізшілер Каспийде бейсауат жүрген су көлігін тексеріп, апатқа ұшыраған кемеге көмекке барады. Күштік құрылым жағалаудағы стратегиялық нысандарды да күзетеді. Порттарға қауіп төнген жағдайда десанттық-шабуылдау тобы шұғыл әрекет етеді.
Айта кетсек, Ақтауда әскери теңізшілерге тұңғыш рет модульді казарма салынған еді.