«Жасотандықтар» кітапханаларды білім берудің заманауи орталығына айналдыруды ұсынды

0 0

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «жасотандықтар» еліміздегі кітапханаларды білім берудің заманауи орталығына айналдыру идеясын ұсынғанын айтты, деп хабарлайды Zhambylnews АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Алдағы уақытта «жасотандықтар» Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда бұдан да белсенді жұмыс атқаруы керек. Қоғамдың сананы жаңғыртудың басты мақсаты — біздің қоғамдағы басты құндылықтарды дұрыс қалыптастыра білу. Бұған заңмен немесе қаулымен ғана қол жеткізу мүмкін емес. Бұл мақсатқа әрбір жас қазақстандықты тәрбиелеу бағытындағы күнделікті белсенді жұмыспен ғана жетуге болады.

Мемлекет басшысының идеясы әлемге басқаша көзбен қарауға, өз-өзімізді дамытуға, жаңаша ойлайтын ұрпақ болуға ұмтылуға шақырады. Әрбір жас шетелдің озық өнерін үйренуге талпынып, біздің еліміздегі құндылықтарды алға жылжытудың бас күштеріне айналуы керек», — деді Әшімбаев «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV съезінің қорытынды күнінде ұйымдастырылған «Жаңа әлемге жол саламыз» Гала-форумында. Оның айтуынша, осыған байланысты «Жас Отан» еліміздегі құндылықтарды таратуға бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаларды іске қосуы керек.

«Атап айтқанда, «Жас Отан кітапхана» жобасы бойынша қазақстандық үздік саясаткерлер мен министрлер, депутаттар мен сарапшылар аударуға кеңес берген әр түрлі тілде шыққан үздік кітаптар қазақ тіліне аударылып, олар ашық электронды түрде қолжетімді болады. Әрбір жас өрен осы кітаптармен таныса алады. Әлемдік трендтегі кітаптарды тұрақты түрде талқылау жүргізіледі. Міне, осындай әлемдік деңгейдегі кітаптардың авторларының білімін «жасотандықтар» бойына сіңіруі керек», — деді ол. Мәулен Әшімбаев еліміздегі кітапханаларды заманауи білім беру орталығына, пікірталастыру алаңына, жайлы білім аумағына, қызықты дәрістер мен электронды кітаптарды оқуға, ең үздік авторлардың киноларын көруге болатындай орынға айналдыру ұсынысы да маңызды екенін айтты.

«Демек, «Жас Отанда» біздің кітапханаларды заманауи білімді тарату орталығына айналдыру идеясы бар. Менің ойымша, сол жерде ғалымдар жас өрендерді өзінің өнер туындыларымен таныстыра алар еді. Біздің кітапханалардың базасында міне, осындай орталықтарды құруға болады. Қанекей, Съезд қорытындысы бойынша сол идеяны жүзеге асыруға тырысып көрелік», — деді Мәулен Әшімбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.