Таразда шақалақ жарық дүние есігін ашпай жатып шетінеп кетті. Құрсақта жатып қанға тұншығып өлген сәбидің қазасына анасы дәрігерлер кінәлі дейді. Қайғыдан қан жұтқан Таңшолпан Қалыпованың айтуынша, ақхалаттылар толғағы қысып хәлі нашарлаған оған дер кезінде ота жасамаған. Салдарынан бауыр еті баласынан айырылыпты. Ал келіншек жатқызылған перзентхана басшылығы өздеріне шаң жуытатын емес, деп Zhambylnews AA хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап.
Тәтті ауылының тұрғыны Таңшолпан Қалыпова перзентханадан баласын қолына алып кетемін деп ойлаған.Ол әлі күнге ақыл-есінен адасқан адамдай дел-сал күйде. Өзі не істеп, не қойғанын білмейді. Шақалағынан айырылуы оның жанына қатты батқан. Меркі ауданындағы Тәтті ауылында тұратын Таңшолпан 11-ші наурызда облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген. Сөйтіп мамандардың қарауында жатса да, сегіз күн өткен соң сәбиінен айырылып қалды.
Оның айтуынша, сәбиіне ертерек қарағанда тірі қалатын еді деп ойлайды. Орталыққа қол-аяғы ісіп, қан қысымы жоғары күйде жеткізілген Таңшолпанды 8 күн бойы толғақ қысқан. Бірақ айтолғақ деп, дәрігерлер оған мән бермепті. Ал наурыздың 19-на қараған күні таңға жуық оның жаны әбден қиналған. Содан ақхалаттылар амалсыз шұғыл ота жасауға мәжбүр болыпты. Сөйтсе перзенті қанға тұншығып қалған дейді.
Зәмзә Күнбасова, Т.Қалыпованың анасы:
«Бірінші құдай екінші сіздер деп әкелгенмін. Немеремді алып қорапқа салып бересіздер. Әрбіріңіз менің орнымда болсаңыздар, не істейсіздер?».
Өзі де медбике болып істейтін Зәмзә Күнбасова дәрігерлер салғырттық жіберген дейді. Айтуынша, сәбиді аман алып қалуға мүмкіндік болған.
Ал облыстық перинаталдық орталық басшысы өздерін кінәсізбіз деп отыр.
Сөздеріне сенсек, 37 айға енді толған келіншекті мерзімінен бұрын босандыруға еш негіз болмаған. Ал шақалақтың қанға тұншығып қалуына бала жолдасының ерте ажырауы себеп екен.
Айгүл Айтбаева, Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері: «
«Мұндай жағдайдың бізде өз алгоритімі бар. Тексеріп экспертиза алғаннан кейін нақты жауаптар беріледі. Бүгінгі күні сараптама қорытындысы шыққан жоқ. Біз қазір мынадан шетінеді, мынадан болды деп толтырып айта алмаймыз. Қайғыдан қара жамылғандар болса, жауапсыздық танытқандарды жазаға тартқызбай қоймаймыз»,- дейді.
Олар медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті мен прокуратураға арыз жазбақ. Айта кетейін, өткен жылы Жамбыл облысында осындай үш қайғылы оқиға болған. Ал, биыл небәрі үш айдың өзінде бір дерек тіркеліп отыр.