Жыл басынан бері Қазақстанда 402 мың нәресте дүние есігін ашты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы халыққа жолдауында бақытты балалық шақ пен өскелең ұрпақтың болашағын қамту жалпыұлттық міндет екенін баса айтты. Бала мен ана саулығы біздің ведомствоның басты міндеттерінің бірі. Өздеріңіз білетіндей, биыл елімізде балалар жылы аталып өтілуде. Қазір Қазақстанда 6,6 млн-нан астам бала бар. Оның ішінде 5 жасқа дейінгі 2,5 млн бала бар және 3,4 млн мектеп жасындағы бала. Айта кетсем, балаларға медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетіледі», — деді Вячеслав Дудник Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, елімізде 5690 медициналық нысан балаларға амбулаториялық қызмет ұсынады.
«Балаларға стационарлық көмек көрсету мақсатында облыстарда 13 балалар ауруханасы, аудандарда 204 және 10 қалалық аурухана жұмыс істеп тұр. Барлығы 8 мыңнан астам төсек-орын қарастырылған. Одан бөлек, елордада ана мен бала орталығы және Алматыда педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жұмыс істеп тұр. Аталған орталықтар жоғары технологиялы және замануи жабдықпен қамтылған», — дейді ол.
Сондай-ақ В. Дудник еліміздегі туу көрсеткішіне қатысты ақпаратпен бөлісті.
«Ел аумағында 249 босануға арналған ұйым бар. Оның ішінде 39 перинаталды орталық және 49 балаларды оңалту орталығы. Биыл балаларға амбулаторлық деңгейде 118 млн консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізілді. Сол сияқты жыл басынан бері 402 мың сәби дүниеге келді», — деді министр орынбасары.