Елордада ШЫҰ саммиті басталды

0 42

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды.

Іс-шараға Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, Түркия және Түрікменстанның Мемлекет пен Үкімет басшылары, БАӘ-ден Рас әл-Хайма әмірлігінің әмірі, Үндістанның Сыртқы істер министрі, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы директоры қатысып жатыр.

Саммитке сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылған.

ШЫҰ саммиті алғаш рет «ШЫҰ-ға мүше Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы» және «ШЫҰ+» кездесуі форматында өтеді.

ШЫҰ-ға мүше Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы барысында Астана декларациясы, 20 шешім, Мемлекет басшыларының 3 мәлімдемесі, оның ішінде «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы», «ШЫҰ-ны жетілдіру туралы» бастамасы қабылданбақ. Беларусь Республикасын ШЫҰ мүшелігіне қабылдау рәсімін аяқтау және оған Ұйымға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы тарихи шешім де бүгін жүзеге аспақ.

Жалпы, Мемлекет басшылары Ұйымның көпжоспарлы ынтымақтастығын, оның перспективаларын одан әрі нығайтуға және өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларды шешуге ықпал ететін көптеген мәселені қарастырады.

«ШЫҰ+» кездесуі «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы» тақырыбында кеңейтілген форматта өтеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.