1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді, бұл – соңғы жылдардағы ірі реформаның бірі. Мемлекет Салық кодексінің көмегімен бюджетті нығайтып, Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр. Ал бизнес пен қоғамды цифрлық бақылау мен көлеңкелі экономикамен күрес талабы күтіп тұр. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы алдағы өзгерістің мән-жайын саралады.
Реформа неге дәл қазір қажет?
Үкімет өкілдері атап өткендей, реформа тек салықты көтеру мақсатында басталған жоқ. Бұл – бюджетті толықтыру амалы әрі кірістің орнықты моделін қалыптастыруға бағытталған қадам. Мұнда негізгі басымдық деректер мен қызметті цифрландыруға беріледі.
Экономист Сапарбай Жұбаев жаңа Салық кодексінің қабылдануын мемлекеттік бюджет тапшылығының ұзақ жылға созылуымен байланыстырды.
– Соңғы 5–10 жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік бюджет тапшылығы айқын көрініп келеді. 2024 жылы шығыстар шамамен 21 трлн теңгені құраса, салық түсімдері бар болғаны 13 трлн теңге көлемінде болды. Қалған 8 трлн теңге, яғни бюджеттің үштен бірінен астамы қарыз алу және Ұлттық қордан бөлінген трансферттер есебінен жабылды. Мұндай модель бюджет тапшылығынан ұдайы құтқара бермейді, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, 2025 жылы бюджеттің ахуалы одан сайын асқына түскен: шығыстар шамамен 25,5 трлн теңгені құраса, салық түсімі небәрі 16 трлн теңге деңгейінде қалған. Шамамен 9 трлн теңгені қайтадан қарыз қаражаты мен Ұлттық қор есебінен өтеуге тура келгенін білдіреді.
Дәл осы жағдай билікті салық базасын кеңейтуге және әкімшілендіру сапасын арттыруға итермеледі, яғни ауқымды салық реформасы іске қосылды.
«Таза парақ»: шағын бизнеске дем беру
Реформаның негізгі тетігінің бірі ретінде микро және шағын бизнеске арналған өтпелі режимді атауға болады. Логика мынада: Үкімет өткен кезеңдер үшін кәсіпкерге санкция қолданбайды, осылайша бизнес өкілдеріне жаңа ережелерге бой үйретуге уақыт береді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сүйенсек, микро және шағын бизнес субъектілері салықтық тексерулерден, камералдық бақылаудан және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
– Тексеріс мүлде болмайды дегенді білдірмейді. Бұрынғы тексерулер, қарсы тексерулер, қылмыстық істер аясындағы тексерулер, сондай-ақ камералдық бақылау нәтижесінде анықталған заңсыздықты растау шаралары сақталады, – делінген ҰКП-ның ресми жауабында.
Демек, биліктің бизнеске айтары түсінікті, мемлекет жазалаушы фискалдық модельге емес, кәсіпкерлердің жаңа жүйеге өз еркімен өтуіне мүдделі. Айналымдағы қаржыны заңдастыруға, жаңартылған салық ережесіне біртіндеп қосылуға басымдық беріп келеді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар: айыппұлдан заңға дейін
Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, яғни табысы аз әрі тұрақсыз жеке тұлғаға арналған арнайы режим блок бекітілген.
Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіргендей, аталған режим ең алдымен қызмет түрін заңдастыру мақсатында әзірленген. Ешқандай фискалды қысым болмайды.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі табысы төмен, қызметін мезгіл сайын жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін заңдастыру мақсатында енгізілді. Бұл санаттағы азаматтар салық төлеуден босатылады (ЖТС мөлшерлемесі – 0%), ал олардың жалғыз міндеті – 4% мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдерді төлеу. Мұндай шешім әлеуметтік кепілдікке қол жеткізуге мүмкіндік береді, – делінген комитеттің ақпаратында.
Биыл АЕК 4 325 теңге болып белгіленуіне байланысты, осы режим аясындағы ең жоғары табыс айына 300 АЕК, яғни шамамен 1,3 млн теңгені құрайды. Сондықтан мемлекетке бейресми кірісті тіркеп, айыппұл салғанға қарағанда әлеуметтік аударымды төлету және табысты «көлеңкеден шығару» әлдеқайда тиімді.
Прогрессивті жеке табыс салығы: жаңалық кімдерге әсер етеді?
Ең көп талқыланған өзгерістің бірі – жеке табыс салығының прогрессивті шкаласының енгізілуі. Жылдық табысы 8 500 АЕК-ке дейінгі азаматтар үшін бұрынғыдай 10% мөлшерлеме сақталады. Биылғы АЕК деңгейімен алсақ, жылына 36,8 млн теңге деген сөз. Ал аталған шектен асатын табысқа 15% мөлшерлеме қолданылады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, салықты әкімшілендіру тетігі табыс көзінің құрылымына байланысты.
– Егер жеке тұлғаның табысы 8 500 АЕК-тен асса, прогрессивті шкала бойынша ЖТС ұстап қалуды салық агенті жүзеге асырады. Табыс көздері бірнешеу болған жағдайда, жеке тұлға декларация тапсырып, ЖТС сомасын дербес есептейді, – дейді комитеттегілер.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай норма жоғары жалақы алатын кей азаматқа ғана қатысты болуы мүмкін. Жаңа ереже дивидендтер мен жеке кәсіпкерлердің табысына қолданылмайды.
16% ҚҚС: реформаның ең сезімтал тұсы
Биыл қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі 16% деңгейіне көтерілді. Ал міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілді – жылдық айналыммен есептесек, 43,25 млн теңге.
ҰКП мәліметінше, өзгерістер мөлшерлемеге ғана емес, әкімшілендіруге де әсер етпек.
– ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге, яғни 10 000 АЕК-ке дейін қысқартылды. Жаңа Салық кодексінде бұрынғыдай ҚҚС есебінен ерікті түрде шығу мүмкіндігі қарастырылмаған. Тағы бір өзекті мәселе – «е-Тамға» жүйесі. Бастапқыда ҚҚС-тың аванстық төлеу тетігін барлық салық төлеушіге қолдану жоспарланған еді, алайда қазір тек бір санатқа – заңбұзушылық бойынша хабарлама алып, электрондық шот-фактураны кері қайтарып алғандарға ғана қолданылады, – делінген палатаның мәліметінде.
Фото: https://www.gov.kz/
Қызу пікірталастың келесі бөлігі медицина мен фармацевтика саласына қатысты өрбіді.
– Дәрі-дәрмекке ҚҚС енгізілуі бағаның айтарлықтай өсуіне және олардың қолжетімділігінің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Елдегі бөлшек дәрі-дәрмек нарығы шектеулі: шамамен 8,6 мың жеке дәріхана жылына 600 млрд теңгеге жуық айналымды бөлісіп отыр. Бір сауда нүктесіне шаққанда айына 5,8 млн теңгені құрайды. Әкімшілік және операциялық шығындар артқан жағдайда жалпы үстеме 30%-ға дейін жетуі мүмкін: оның ішінде дәріхананың базалық үстемесі, оған қоса 5% ҚҚС және еңбекақы қоры тапшылығын өтеу үшін тағы шамамен 5% төлем бар, – деп атап өтті ҰКП өкілдері.
Аталған мәселе әлеуметтік тұрғыдан сезімтал саналғандықтан, жобалық кеңсенің назарында қалып отыр.
Кәсіпкерлердің болжамынша, бағаның өсуіне әсер ететін тағы бір фактор бар. Көптеген жалға беруші жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін-ді, бірақ жалдау төлемін ҚҚС бойынша есепке алу мүмкіндігі жоқ.
Режимдер арасындағы шегерімге тыйым: басты шиеленіс нүктесі
Қазақстанда бизнес қызмет ауқымы мен күрделілігіне қарай әртүрлі салық режимі бойынша жұмыс істейді.
Жалпыға бірдей белгіленген режим (ЖБР) – салық салудың «толық» моделі: компания кіріс пен шығыстың егжей-тегжейлі есебін жүргізіп, қаржылық нәтиже бойынша салық төлейді.
Арнаулы салық режимі (АСР) шағын бизнеске арналған және жеңілдетілген ереже мен әкімшілік жүктеме аз. Оның ең кең таралған нұсқасы — оңайлатылған декларация («оңайлатылған режим»), бұл жағдайда кәсіпкер күрделі есепсіз, айналымнан белгіленген формула бойынша ғана салық төлейді.
Биыл жаңа Салық кодексінде шағын бизнеске арналған осы жеңілдік формалды түрде сақталғанымен, мемлекет бір мезгілде әртүрлі режим арасындағы өзара әрекет ету қағидасын қатаңдатып отыр. Үкімет мұны көлеңкелі схемаларды қысқартып, жүйенің ашықтығын арттыру үшін қолданғанын айтқан болатын.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, даулы жаңалық осы тұста шықты. Енді жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялар арнаулы салық режимін (оның ішінде «оңайлатылған режимді») қолданатын кәсіпкерлермен жасаған операцияларын шегерімдерге жатқыза алмайды.
Мұның қандай салдары болу ықтимал? Ол үшін Палатаның кәсіпкерлер арасында жүргізген сауалнамасына зер салайық. Сауалнамаға сенсек, АСР-де жұмыс істейтін субъектілердің 48%-ы заңды және жеке тұлғалармен қатар жұмыс істесе, тағы 43%-ы тек жеке тұлғалармен ғана байланыста. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 61%-ы ЖБР-дегі компаниялардың жеткізушісі екен.
Олардың 91%-ы клиенттеріне қатысты шегерімдердің шектелуі бизнеске кері әсер етеді деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 36%-ы қызметін тоқтатуы мүмкін екенін болжаса, 14%-ы ЖБР-ге өтуді қарастырып отыр. Егер олардың қызметі АСР аясында мүлде қолжетімсіз болса, кәсіпкерлердің 41%-ы жұмысты толық тоқтатуға дайын, тағы 30%-ы әрі қарай қалай әрекет ету керегін білмейді.
Сондықтан режимдер арасындағы шегерімдерге тыйым салу бүкіл салық реформасындағы өзекті әрі даулы түйіннің біріне айналды.
Осы мәндес мәселе жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялар арасында да байқалып отыр. Сауалнама дерегіне сәйкес, олардың 51%-ы арнаулы салық режиміндегі жеткізушілермен жұмыс істейді. Жаңа ережеге қарсы шыққандар екі ұстанымда: жеткізушілерді ауыстыру (35%) немесе бизнесті жабу (23%).
Экономист Сапарбай Жұбаев мәселенің әкімшілік қырына назар аударды.
– Шағын бизнес өкілдерінің көпшілігінде осы уақытқа дейін штаттық бухгалтер болмаған, олар есептілікті тапсыру кезеңінде ғана сыртқы қызметті пайдаланған. Ал кіріс пен шығысты тұрақты есепке алу олар үшін елеулі шығынды талап етеді. Сондықтан мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ және, сірә, алдағы уақытта да талқылана бермек, – деді сарапшы.
Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцев тыйым салудың логикасы қате деп санайды.
– Кодекске өзгерістің міндетті түрде енгізілетіні анық. Соның бірі — «оңайлатылған режиммен» жасалатын операциялар бойынша шегерімдерге тыйым салу. Мұндай қадамға барған алғашқы ел – біз. Жалпы алғанда, бір бизнестің екінші бизнеспен жұмыс істей алмауы дұрыс емес, экономикалық қатынастың көптеген базалық қағидаттына қайшы, – деп атап өтті ол.
Цифрлық салық жүйесі: Бақылаудың басқа жолы бар
Биылдан бастап Қазақстанда салықтық әкімшілендірудің бірыңғай интеграцияланған жүйесі іске қосылады. Салық декларациялары, банктер және цифрлық платформалардан алынған деректерді автоматты түрде салыстыру жүргізілмек.
Мемлекеттік кірістер комитеті жүйе негізсіз бұғаттау қаупін барынша болдырмайтындай етіп жобаланды деген болатын. Осы мақсатта шектеуді қолданар алдында бақылау кезеңі қарастырылған, әртүрлі дереккөзден алынған ақпаратқа көпдеңгейлі салыстыру жүргізіледі, сондай-ақ ішкі жүйелер арасында синхрондау мен қатені өңдеу тетігі енгізілген. Барлық операцияға тұрақты мониторинг жасалады, ал техникалық ақау кезінде автоматты шешім уақытша тоқтатылып, деректер қалпына келтіріледі.
– Жүйе негізсіз автоматты бұғаттаудың алдын алуға бағытталған және техникалық қате туындаған жағдайда жедел әрекет ету мен түзету мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – делінген комитеттің ресми жауабында.
Соған қарамастан өзгерісттің ауқымы жүйеге түсетін жүктеменің жоғары екенін көрсетуде. МКК дерегінше, бір аптаның ішінде ведомствоға салық төлеушілерден 20 мыңға жуық өтініш түскен.
Дмитрий Казанцев реформаның екіжақты сипатына тоқталды.
– Қате тұс– шегерімдерге тыйым салу, ҚҚС мөлшерлемесінің және тіркеу шегінің өсуі. Оң қыры – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, ол миллиондаған адамның табысын заңдастыруға мүмкіндік береді. Кодекс әлі де өзгеріске ұшырайды, бұл оның соңғы редакциясы емес екенін аңғартса керек, – деп түйіндеді сарапшы.
Сарапшылардың пайымдауынша, елдегі айлық есептік көрсеткіш саясатын жетілдіру керек. Сапарбай Жұбаев АЕК өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен табысы аз азаматтар үшін маңызды рөл атқарады деген ұстанымда.
– 2027 жылға АЕК 4 325 теңге деңгейінде бекітілген. Егер жеке тұлғаның жылдық табысы 300 АЕК-тен аспаса, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес. Бұл жағдайда ол тек зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру төлемдерін төлеп, жеке табыс салығын төлемейді, – деп түсіндірді сарапшы.
Қорыта айтсақ, Жаңа Салық кодексі тек мөлшерлемелерді көтеру емес, бүкіл жүйені қайта өзгертуге жасалған талпыныс екені түсінікті. Үкімет кодексті жетілдіре алса, бюджет кірісін нығайтып, көлеңкелі экономиканың жолын кесуге мүмкіндік алары анық.