Жолдауға сәйкес білім беру жүйесі де жаңартылады — Шолпан Қадырова 

0 11

Елбасының биылғы Жолдауына сәйес білім беру жүйесі де жаңартылады. Бұл туралы БҚО білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова «ҚазАқпарат» тілшісіне былайша әңгімелеп берді. «Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздегі білім беру жүйесінің қазіргі заманауи көшке ілесуі үшін үлкен міндеттер қойып отыр, — деді Шолпан Маратқызы.

«Жүргізіліп жатқан халықаралық зерттеулер де бүгінде білім беру жүйесін оңтайландыруға бағытталуда. Өйткені әлем өзгеруді, өзгерістерді қажет ететіні белгілі. Біз қазір ұлан-асыр жаңа мүмкіндіктерді ашып қана қоймай, бүкіл білім беру жүйесін жаңаруға, жаңғыруға шақыратын үздіксіз технологиялық дамуды бастан өткеріп отырмыз. Ендеше, бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет.   Айталық, оқушылардың қосымша білім беру орталықтарында алған дағдылар мен іскерліктерін ары қарай дамыту бағытында 2016 жылы Оралда Оқушылар мен жастар сарайы ашылған болатын. Міне, осында орналасқан облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығында жаңа компьютер сыныбы ашылып, жаңадан компьютерлер мен роботтар, ЕV-3 құрылғысы сатып алынуда. Компьютермен жұмыс жасайтын «Графикалық дизайн» үйірмесі, балалардың инженерлік-техникалық тапсырмаларды шешуге практикалық дағдысын дамыту бағытында робот техника үйірмесі жұмыс жасайды. «Жас астроном» үйірмесі оқушыларды ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде үйретеді. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған астрономия үйірмесі сабақтары жаңадан ашылған планетарий, обсерватория кабинеттерінде өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын көбейту күтілуде. Бұл — 1,2,5,7 сынып мұғалімдері. Лауазымдық жалақыға жаңартылған мазмұн бойынша жұмысы үшін мұғалімнің лауазымдық жалақысынан 30 пайыз көлемінде қосымша ақы төленеді. Жаңартылған білім мазмұнына көшкен соң 3,6,8 сыныптар ұстаздарының жалақысы 1 қыркүйектен бастап өседі. Бұл білім саласының қызметкерлерін қуантумен бірге үлкен жауапкершілік жүктейді,-деді білім басқармасының басшысы.  -Шолпан Маратқызы, Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін облыс мектептеріне енгізу бағытында нендей жұмыстар жүргізілуде? 2017 жылдың 22 қарашасында «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасындағы өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектебінде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде білім берудің жаңа бағдарламасы енгізілді. 2017-2018 оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнына 2,5,7 сыныптар көшіп (1-сыныптарда — 11263, 2-сыныптарда — 11255, 5-сыныптарда — 9618, 7-сыныптарда — 8677, жалпы 40813 оқушы), білім алуда. НЗМ тәжірибесін тарату бойынша базалық мектеп болып белгіленген дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешені мен Орал қаласындағы А.Макаренко атындағы мектеп бұл жұмысты 2012 жылдан бері жалғастырып келеді. БҚО білім басқармасы мен «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы филиалымен тәжірибе алмасу аясындағы өзара әрекеттестігі бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес 2014 жылдан бері нақты жұмыстар атқарылуда. НЗМ педагогтері үнемі облыстағы білім сапасын жақсарту мақсатында құрылған «Пифагор» физика-математика мектебі (оқушыларға арналған маусымдық мектеп), «Зерде», «Лингвист», «Өркен» озат тәжірибе мектебі (жаратылыстану-математика, филологиялық пәндер, тарих пәні мұғалімдері үшін) жұмыстарына тартылып, тәжірибе алмасып келеді. Қазіргі таңда жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 4984 педагог білімін жетілдірсе, соның 1244-і Орал қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығында, 3740-ы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында дәріс алды. Сондай-ақ жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 881 басшы қызметкер білімін жетілдірді. -Тағы бір сауал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қандай жобалар қолға алынуда? Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының басты мақсаты рухани сананы жаңғырту екендігі мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстар білім беру саласында «Туған жер» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін «Өлкетану» базалық бағыты бойынша білім алушылардың оқу пәндері мен сабақтан тыс факультативті сабақтар, үйірмелік жұмыс арқылы өлкетану білімі жан-жақты берілетін болады. «Саналы азамат» базалық жобасы арқылы оқушылардың даму болашағы мен еңбек нарығы мүмкіндіктерін, қабілет-талаптарын ескере отырып, оларды бағдарлы қолдау, қызмет аясын таңдау еркіндігіне, өзін-өзі кәсіби анықтауға жол ашылады. Кіші бағдарламаның «Отаным — тағдырым» базалық бағытында жастардың бойында азаматтықты, патриоттықты, рухани-адамгершілік және әлеуметтік құндылықтарын қалыптастыру, кәсіби маңызды қасиеттерді және дағдыларын дамытуға мол мүмкіндік берілген. 2018 жылы «Туған өлкенің көрнекті жерлерінен Қазақстанның киелі жерлеріне дейін» туристік-экскурсиялық марафоны, жас тарихшылар арасында «Менің кіші Отаным» зияткерлік байқауы, жас суретшілер арасында «Бояулар құпиясы» облыстық байқауы, «Туған жерді жырлайды» облыстық жас ақындар сайысы, «Театрдың ғажайып әлемі» театр өнерінің фестиваль-байқауы, «Тарих мұрасы», «Business», «Балалар-жасөспірімдер және еріктілер қозғалысы», «28 ілмек» жобаларын өткізу жоспарлануда. Осындай шаралар нәтижесінде үздік жобалар жинақтары және облыстың әрбір елді мекені бойынша 3D картасы, буктрейлерлер әзірленетін болады.

Дереккөз:  inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.