Өнерлі қыз, өнегелі жеңгелер сайысқа түсті

0 16

Биыл көрнекті айтыс ақыны Ұлбике Жанкелдіқызының туғанына 200 жыл то­лып отыр. Көпшілік тағдырлы ақын туралы тереңірек біле бермейтіні рас.
Қазақта Сарамен тағдырлас, таланты деңгейлес, бірақ зерттелуі, насихаты әлі кемшін түсіп жатқан бір айтыскер ақын бар. Ол – Сырдан шыққан Ұлбике Жан­келдіқызы. Ұлбике өзінің қысқа ғұмырында жиырма шақты рет айтысқа түсіп, бірнеше өлең шығарғаны, асқақ әнші әрі күйші болғаны халқына ертеден аян. Әйтсе де, Ұлбике Жанкелдіқызы талантының насихат бағасы әлі кемшін жатқаны жасырын емес. Осы күнге дейін қазақ әдебиеті мен өнерінің сахнасына еркін шыққан жоқ.
Ұлбике ақынның 200 жылдығына орай Аққұм ауылында «Сырласайық, жеңеше!» атты аудандық байқау өтті. Биыл аудандық байқаулар алғаш рет ауылдық мәдениет үйлерінде өткізіледі. Осы инновациялық бастама аясында алғашқы шара Аққұм ауылдық мәдениет үйінде жоғары деңгейде өтті. Ұлттық дәстүр мен отбасылық бір­лікті дәріптей отырып, жеңгелер мен қайын сіңлілер арасындағы шынайы сезім мен сый­ластықты паш ету мақсатында өткен бай­қауға Аққұм, Қызыләуіт, Майтөбе, Ойық және тағы да басқа ауылдардан жеңгесі мен қайын сіңлі жұптары қатысты. Ерек­ше форматта ұйымдастырылған сайыста жеңгелер мен қайын сіңлілер өнерінің сұлулығымен және жүректен шыққан ыс­тық ықыласымен көпшілік есінде қалды.
Халқымыз қашанда қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Әрбір қыз бала бойже­тіп, ата-анасының жанында бұлғақтаған дәуренін қалдырып,басқа шаңыраққа ке­лін болып түсуі – өмір заңдылығы. Әсі­ресе қызға анасы мен жеңгелері үй шаруасына икемділік,ісмерлік, жүріс-тұрыс сыпай­лығы, әсемдік, жинақтылық пен тазалық, өз бойын күту мен ашық қабақтылық сияқты дағдыларды үйретуге күш салады.
Байқауда бақ сынаған жұптар қайын сіңлі мен жеңгенің осы аталған міндет­терін, өзара сыйластықтарын көрсете алды. Тар­тысты өткен байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Қожағаппар ауы­лынан келген жұп жеңгесі Раушан Ергебекова мен қайын сіңлісі Алина Еркінбек жеңіп алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.