Бүгін аудандық мәдениет үйінде ақын, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Маралтай Райымбекұлының анасы Дәкен (Дариға) Ақмедияқызы Сармолдаеваның 100 жылдығына арналған «Анамның сөзі» атты поэтикалық жыр кеші өтті. Кештің шымылдығын ашқан Маралтай Райымбекұлы сөз сөйлеп, ана туралы тебіреністі сезімімен бөлісті: — Мен бүгін орталарыңызға ақын емес ананың алақанын сезінген сәби ретінде келіп тұрмын. Ана болмысы мәңгіліктің бөлшегі, — деген ақын отбасын көпшілікке таныстырды. Лэд экранда Асанәлі Әшімовтың ана туралы оқыған жыры көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Мұнан соң Маралтай Райымбекұлының ұл — қыздары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Жыр кешіне қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, Дариға Ақмедияқызының өмірбаянына тоқталды. Арқалы ақынға сый — сияпат жасап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, ауданымыздың зиялы қауым өкілдері де жылы дебіздерін арнап, жыр кешінен алған әсерлерімен бөлісті.
Сармолдаева Дариға (Дәкен) Ақмедияқызы 1926 жылы арқадағы Қу-Мұңлы аймағында дүниеге келген.
Сармолдаев Ақмедиядан Өтебай , Өтелбай, Ырсалды, Дариға атты екі ұл, екі қыз тараған.
Дариға Сармолдаева 1937 жылы Алматыдағы нөмірі 12 мектепте оқып жүрген кезінде әкесі Ақмедия «Халық жауы» деген жалған жалаға тап болып атылып кетеді. Содан кейін «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін заман орнап Ақмедиядан туған ұл-қыздар жан-жаққа тарыдай шашырайды. Сол кезде әкесіне таңылған жаланы ақтау үшін Дариға Сармолдаева өз еркімен соғысқа баруға сұранады. Алайда, тағдырдың жазуы басқаша болып Ыбырайұлы Райымбекпен қосылып түтін түтетеді. Дариға Сармолдаева ұзақ жылдар жұбайы Райымбек Ыбыраевпен бірге совхоз малын бағып үлгілі еңбектің жолын жалғайды.
Дариға Ақмедияқызы он төрт құрсақ көтерген батыр ана! Елге сыйлы, халыққа қадірлі қалында 1989 жылы бақиға көшті.