Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысында айтылды. Аймақ басшысы алдымен бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысты.
Көктем шыға арнасынан асып, таситын Талас өзенінің жағалауын көрді. Жыл сайын осы ауданға қарасты Қызылқайнар елді-мекеніндегі тұрғындарға көктемгі су қауіп төндіретін. Биыл осы су арнасын бекіту жұмыстарын жүргізу қолға алынатын болады. Облыс әкімі ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің жұмысы мен аудандағы алып ет өңдеу комбинатын да аралады. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Ары қарай әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысқан Асқар Мырзахметовтың жұмыс сапары актив жиынына жалғасты. Жиында шешімін таппаған мәселелер мен кемшіліктер айтылды. Өткен жылы ауданда 2 мың гектар жерге тәтті түбір егілген. Бірақ, өңдеуші зауыттарға бар болғаны 37 пайыз қызылша тапсырылыпты. Жауапты қызметкерлер арадағы айырмашылықты нақты себеппен түсіндіріп бере алмады. Тараз қаласына жақын орналасқандықтан жер мәселесінде де шешімін таппаған тұстар көп. Жер телімдері жауапты мамандардың қателігінен жекеге өтіп кеткен. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының жағдайы сын көтермейді, 49 кәсіпкерлік нысан жұмыс істемей тұр. Ауданда жоғарғы санатты дәрігерлер жетіспейді. Ғаламтор желісімен қамту көрсеткіші өз деңгейінде емес. Осындай кемшіліктерді саралаған өңір басшысы ауданның ауылшаруашылығына қолайлы, кәсіпкерлікке ыңғайлы екендігін ескертті. Тек, жергілікті атқарушы билік жұмысын жандандырып, тірлікті тиянақты атқарғаны дұрыс — деген Асқар Мырзахметов нақты тапсырмалар мен ұсыныстар айтты. Өңір басшысының жұмыс сапары бүгін Байзақ ауданында жалғасады.
Деректер Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі мен «Jambyl» телеарнасының сайтынан алынды