Сыбайлас жемқорлық бойынша былтыр 82 азамат істі болған. Оның 32-і құқық қорғау саласының мамандары болса, 20 – ы полиция, 5- көші-қон полициясы, 2-і қылмыстық- атқарушы жүйесінің қызметкерлері. Ал, тағы 5 азамат мемлекеттік кірістер департаментінде жұмыс істеген. Жең ұшынан жалғасып, қалтасының қамын ойлағандардың алды 8 жылға сотталса, кейбірі 5 млн теңгеге дейін айыппұл төлеп құтылған. Салынған айыппұлдың 80 пайызы уақытында қазынаға құйылыпты.Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі соттар алқасының төрағасы Н.Абидовтың сөзіне сүйенсек, сыбайластықты сыйақы деп есептейтіндердің көпшілігі – құқық қорғау органдарының қызметкерлері екен. Олар еш себепсіз пара талап етіп, күдікке ілінген азаматтарды жауапкершіліктен босату үшін ақшалай сыйлық алуға тырысады екен. Алайда, жемқорлықпен күрестің күн сайын күшейіп келе жатқандығын ескерсек, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің жолы қиылатындығын естен шығармаған жөн секілді.
Дереккөз: «Jambyl» телеарнасының сайты