Отан қорғаушылар күні және 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекелеріне орай ҰОС және тыл ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының аудандық және оған теңестірілген соттарының ұжымдары өз аумақтарында тұратын ардагерлерді құттықтап, арнайы сыйлықтар тапсырумен қатар, материалдық көмек көрсетіп қайтты. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Арыс аудандық сотының төрағасы А.Ертаев бастаған ұжым мүшелері Арыс қаласының тұрғындары – Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қ.Кенжебеков пен В.Савинаның шаңырақтарында қонақта болды. Қазіргі таңда бірі 94 жасқа, бірі 96 жасқа келген ардагерлер бүгінгі ұрпаққа соғыстағы бастан кешкен оқиғалары және жолдастарының ерліктері туралы естеліктерімен бөлісіп, елімізге ашық аспан тіледі.
Кентау қалалық сотының судьялары Ұлы Отан соғысының ардагері Маханбетов Орынтайдың үйіне барды. Олар ардагерді Жеңіс күнімен құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі және арнайы дайындаған сыйлықтарын табыстап қайтты.
Мақтаарал ауданының №3 аудандық сотында Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара болып өтті. Жиынға Асықата кенті Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Құлманов және Асықата кентінің Құрметті азаматы, тыл ардагері С.Атамбаев қатысты. Ал, Сарыағаш аудандық сотында өткізілген іс-шараға Сарыағаш қаласының тұрғындары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері И.Юсупов және Э.Ишхонов аудандық соттың, прокуратураның қызметкерлері, жергілікті Экономикалық колледждің студенттері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мерекелік іс-шаралар аясында сот қызметкерлері ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, сый-сяпаттарын табыстады. Өз кезегінде ардагерлер сот жүйесінің қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп, сот төрелігін жүзеге асыруда жетістіктер тіледі.
Дерккөз: Оtyrar.kz