АЭФ: мемлекеттік аппаратты цифрландыру ісі қалай жүзеге асырылады?

0 3

Осы аптада шымылдығын түретін Астана экономикалық форумы шеңберінде ғаламдық маңызды мәселелер кеңінен қаузалмақ, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz арнасына сілтеме жасап.

Ең ірі деп таңдалып алынған 11 тақырыптың ішінде «Цифрлық мемлекеттік басқару дағдылары мен көшбасшылығы» мәселесі де сарапшылар мен білікті мамандардың талқысына түспекші. Ал мемлекеттік аппаратты цифрландыру ісі қалай жүзеге асырылуы қажет?

Мемлекеттік қызмет сынды салаға цифрландырудың берер пайдасы мол. Заманауи технология азаматтардың өмірі мен билік қызметін едәуір жеңілдетті. Мәселен, арнаулы мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ әлемдік сараптау орталықтары ұсынған сенімді ақпаратты қажетке жаратуға болады.

Алау Жанболатова, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерттеу жөніндегі орталық жетекшісінің орынбасары:

«Мәселен, «Блумберг» компаниясы ұсынған ақпараттың шынайылығына тек аталған компанияның өзі ғана жауапты. Яғни қателікке жол бермеу үшін жаңалықтар агенттігі жазылған әр сан мен сөзіне жіті мән береді».

Бұл жүйені бірқатар ведомствомен бірге Мемлекеттік басқару академиясы да кеңінен қолданып келеді. Мұнда цифрландыру «сәнге» айналған десек артық айтқандық емес. Тағы бір мысал, жергілікті студенттер көлік кептелісімен күресудің өзіндік амал да ойлап тапқан.

Әлібек Мұқашев, Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінің оқытушысы:

«Мысал үшін бізде алты жолақты жол бар делік, оның екеуін бір бағытқа, тағы екеуін қарама-қарсы бағытқа, ал қалған қос жолақты көлік кептелісінің бағытына қарай өзгертіп отыруға болады».

Бұл оңтайлы шешімді елорда жолдарына да қолдануға болады. Сол сияқты кейбір мемлекеттік мекемелердің де академиядан түйіп алары жетерлік. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова осы аптада өтетін ХІ Астана экономикалық форумында модератор қызметін атқармақ. Сессиялық пікірталасқа «мемлекеттік басқаруды цифрландыру» тақырыбы арқау болмақ. «Электронды турникетті мысалға алсақ жетіп жатыр», – дейді ректор.

Фатима Жақыпова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

«ID карта дегеніміз не? Онда бірнеше техникалық мүмкіндік өзара үйлесім тапқан. Жүйеге электронды-цифрлық қолтаңба енгізілсе, мемлекеттік қызметкерлер сол арқылы өздеріне қажет тауарды үнемдеп сатып ала алады».

Бүгінгі кейіпкерлеріміздің айтуынша, цифрландыру процесі ойдағыдай өту үшін оған саналы түрде қарау керек. Мәселен, басшы қарамағындағы қызметкерлердің есебін электронды пошта арқылы қабылдап, уақытын да, кеңседегі қағазды да үнемдейді. Осылайша, қағазбастылықты азайтуға болады. Спикерлердің айтпағы осыған келіп саяды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.