Елімізде 2 миллионнан астам адам 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен жалақы алады. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл – шамамен 63 мың теңге. Осыған орай еңбекақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту көзделіп отыр. Бүгін Сенат отырысында депутаттар жаңа жобаның барысымен танысып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру жолдарын қарастырды. Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленовтың айтуынша, салықтың төмендеуі арқылы шамамен 29 млрд теңге жалақының артуына жұмсалады. Алайда қазір базалық лауазымдық жалақының мөлшері көпшіліктің көңілін көншітпейді. Депутаттар түйткілді жайтты мейлінше тез әрі оңтайлы шешу қажет дейді.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
– Азаматтық қызметшілер арасында ешкім де жалақының ең төменгі мөлшерінен аз алмайды. Егер мұндай жағдай тіркелсе, әрбір қызметкердің мәселесін жеке қарауға дайынмын. Көпшілік негізгі лауазымдық қызметақының мөлшері тым аз екендігіне наразы. Бұл еліміздің экономикалық ахуалына тікелей байланысты. Бүгінде азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу қоры шамамен триллион 200 млрд теңгені құрайды. Жалақы мөлшерін ұлғайту үшін бұл көрсеткіш екі есеге, тіпті үш есеге өсуі тиіс.