Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа ел аудандарындағы жолдарға назар аударуды жүктеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпарат — қа сілтеме жасап.
«Біз республикалық маңызы бар жолдарды салып жатырмыз, ал егер аудандардың арасында жол болмаса, адамдар оны сезінбейді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысын қабылдау кезінде.
Елбасы асығуды талап етпейтін кейбір жобаларды кейінге қалдырып, бірінші кезекте аудандар мен кенттердің ішіндегі жолдарға күш салу қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы басқа мәселелерге де назар аударды. Президенттің айтуынша, шағын және орта бизнеске айтарлықтай көмек беріліп жатыр.
«Соңғы кездері біз шағын және орта бизнес үшін қажеттінің бәрін жасап бердік, сонда да оның көлемі артпай отыр. Енжар жұмыс істеп жатырмыз. Барлық жерде», — деді ол.
«Заңдардың үстемдігі туралы айттық, заңдарды өзгерттік, бәрін жасадық. Мемлекеттік қызметке таңдау тәртібін өзгерттік, ал мемлекеттік қызметшілердің адамдарға, қарапайым халыққа деген көзқарасы өзгермей отыр. Сондықтан, неліктен жұмыс жүрмей жатқанын бәріміз бірге ойлануымыз қажет. Барлығы бар, қаржы белгіленген. Егер қазір тұрғын үй құрылысы, Бес әлеуметтік бастама бойынша да осылай болса, бұл тым жаман болады», — деп қадап айтты Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қабылданған шешімдердің нақты орындалуы және Үкімет тарапынан мәселелердің шешімін бақылау тұрғысынан біршама сұрақтар бар», — деді Президент.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Кездесуде Үкіметтің 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындылары, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылу барысы талқыланды.