Бақыт Сұлтанов Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындалды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындалды», — делінген Ақорданың хабарламасында.
Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері. Қазақ ұлттық техникалық университетін «Робототехникалық кешендер және жүйелер» мамандығы бойынша үздік бітірген. 1994-2002 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде басқару жұмыстарын атқарған.
2002 жылдың қыркүйегінен бастап 2003 жылдың маусымына дейін ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.
2003 жылдың маусымынан бастап 2006 жылдың ақпанына дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің вице-министрі қызметіне тағайындалды.
2006 жылдың ақпанынан — 2007 жылдың қаңтарына дейін ҚР Статистика агенттігінің төрағасы болып қызмет істеді.
2007 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы қаржы вице-министрі.
2007 жылдың тамыз айынан ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі.
2010 жылдың 13 наурызынан ҚР Президентінің көмекшісі болды.
2012 жылғы 21 қаңтар — 2013 жылғы 6 қараша аралығында — ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары.
2013 жылдың 6 қарашадан — Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары, ҚР қаржы министрі.
Еске сала кетейік, мұның алдында Астана әкімі қызметінде Әсет Исекешев болған еді. Ол әкім қызметіне 2016 жылдың маусымында тағайындалған болатын.
Ал кеше, 10 қыркүйекте Әсет Исекешевтің Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалғаны хабарланды.