Тұрар Рысқұлов ауданының барлық мектептері интернетпен қамтылған. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында өткен брифингте Т.Рысқұлов ауданы әкімі Асқар Қрықбаев мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Асқар Санатұлының айтуынша, биыл білім бөлімінің бюджетіне барлығы 5 млрд. 606741 мың теңге қарастырылған. Пән мұғалімдері мен оқушылар үшін ауданда ақпараттандыру қызметі жоғары деңгейде жолға қойылған, 30606,0 мың теңгеге 18(46,1%) «Робототехника» кабинеттері алынды. Мектептерді Wi-Fi желісімен жарақтандыру мақсатында 17980,0 мың теңге бөлініп, 26 мектепке тартылды. Нәтижесінде, мектептердің барлығы кең жолақты Интернет желісіне қосылған. Жалпы компьютерлер саны – 2220, 6 балаға шаққанда компьютер саны – біреуден айналып отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір цифрландыру және IT сервистерді дамыту ерекше маңызға ие. Осы жұмыстар аясында аудандық ауруханаға 2017 жылы 32 компьютер алынып, 3 млн 546 мың теңге жұмсалды, нәтижесінде 142 жұмыс орны, яғни барлық дәрігерлік амбулаториялар компьютерлендірілді.
Ауданда 2017-2018 оқу жылына 13 683 оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі мекемелерде 2697 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі 2018 жылы 3 жекеменшік балабақша, мектеп жанынан 100 орындық шағын орталық ашу арқылы 79,9%-дан 90%-ға жеткізілмек.
Бүгінгі күні Құлан ауылында сыйымдылығы 2470 орындық 5 мектепте 1-11 сынып және мектепалды даярлық балаларын қосқанда 4095 оқушы дәріс алуда. Құлан ауылында оқушылар санының өсуіне байланысты 600 орындық жаңа мектеп соғу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы кәсіпкерлік саласы бойынша 2990,2 млн теңгенің өнімі шығарылып, өнім көлемі-102,0%-ға ұлғаяды деп жоспарлануда. Ауданда биыл 1 мейрамхана, 3 асхана, 1 ТЖО, 5 дүкен, 1 автобөлшек дүкені, 1 көкөніс қоймасы және тағы басқа кәсіпкерлік нысандар пайдалануға беріледі. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017– 2021 жылдарға арналған бағдарламасының» «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2017 жылы 189 тыңдаушы оқу курсынан өтіп, 47 адам өз жеке кәсібін ашып, жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы 240 тыңдаушыны оқу курсынан өткізу жоспарлануда, осы жобамен 53 адам жеке кәсібін ашпақшы.