Қазақстанда Ішкі істер органдарын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Талдықорған мен Жамбыл облысында ішкі істер органдарын цифрландыру оң нәтиже беруде,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі 365info.kz -ке сілтеме жасап.
Талдықорған қаласы бойынша бастапқыда небәрі 16 бейнебақылау камерасы орнатылса, қазір Алматы облысының орталығында «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз аула» полицейлік бағдарламалары бойынша 669 бейнкекамера жұмыс істеп тұр.
Тәртіп сақшылары осы заманауи құрылғылардың көмегімен көшеде жасалған құқықбұзушылық пен қылмыстық істерді дер кезінде анықтауда. Биылғы жылдың алғашқы 8 айында Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына 79 мың құқықбұзушылық пен оқыс оқиғалар туралы хабарлама келіп түскен. Соның 26 мыңнан астамы тіркелді.
Бейнебақылау камераларының көмегімен өткен 8 айдың ішінде 7 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 91 қылмыстың ізі суымай ашылған екен. Талдықорған қалалық ІІБ жедел басқару орталығының басшысы Бауыржан Шайзановтың айтуынша, мұндай цифрлық технологияның көмегі зор.
– Бейнебақылау камераларының біздің күнделікті жұмысымызға өте маңызды көмегі бар. Неге десеңіз, біз бейнекамерадан көріп, рация арқылы полиция қызметкерлеріне мәлімет беріп, олар шұғыл әрекеттерін қолданады. Жиі кездесетін құқық бұзушылық — көлік тонау. Аккумулятор ұрлайды, дөңгелек ұрлайды және және көшедегі қылмыстар. Ол көбіне бұзақылық, дейді Б.Шайзанов.
Алдағы уақытта Талдықорған қаласындағы «Самал», «Жастар» ықшам ауданы мен Үйтас, Ащыбұлақ, Шайқорған сияқты саяжай аумақтарына қосымша 202 бейнебақылау камерасы орнатылады.
Цифрландыру үрдісі Жамбыл облысында да қарқынды жүріп жатыр.
Мұнда әкімшілік құқықбұзушылық пен қылмыстық іс жүргізу электронды түрде жүзеге асырылуда. Жаңа жүйе арқылы жыл басынан бері 42 мыңнан астам хаттама толтырылып, 192 миллион теңге айыппұл салынған. Өңір полицейлері 175 дана арнайы планшетпен қамтамасыз етіліп, жұмыс істеуге көшті. Бұл тәртіп сақшыларының Ішкі Істер министрлігінің базасына оңай кіріп, қажетті ақпаратты жедел алуына мүмкіндік береді.
Айта кетсек, Цифрлық Қазақстан жобасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» Жеке қорымен іске асырылады.