Жамбыл облыстық қан орталығы базасында «Жіті респираторлы вирустық жұқпа мен тұмаудың этиологиясы, емдеу және диагностикалау принциптері. Вирусты гепатиттердің алдын алу, диагностикасы, емі мен сырқаттанушылықты төмендету» тақырыбында семинар өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Семинарға Тараз қаласы мен аудандар бойынша емдеу-алдын алу ұйымдарының бас дәрігерлерінің орынбасарлары, инфекционисттер, госпитальды эпидемиологтар мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының мамандары, жалпы 78 маман қатысты.
Семинар барысында жіті респираторлы вирустық жұқпа, тұмау және вирусты гепатиттердің эпидемиологиясы, Жамбыл облысы аумағындағы сырқаттанушылық жағдайлары, эпидемиялық маусым кезінде емдеу, зертханалық диагностика бойынша өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары тақырыптарында слайдты баяндамалар, бейнероликтер көрсетілді.
Сонымен бірге, «В» және «С» вирусты гепатиті науқастарының регистрі, тұрғындар арасында санитариялық ағарту іс-шараларын күшейту мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, ЖРВЖ ауырған науқастан вирусологиялық зерттеуге материал алу техникасы тәжірибе жүзінде көрсетіліп, кеңес берілді.
Семинар соңында көрнекілік құралдар (үнпарақтар, брошюралар) таратылды.