Жамбыл облысы Жуалы ауданында тау-шаңғы демалыс кешенінің құрылысы басталды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қазіргі таңда «Қара алма» құрылыс нысанының инфрақұрылымы тартылып, қонақ үйлер мен мейрамханалардың орны белгіленген. Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны 4 миллиард теңгеден асады. Елді мекеннен 6,5 шақырым болатын жолдың 5 шақырымы аяқталған. Сондай-ақ, теңіз деңгейіннен 2000 метр биіктікке таудың ұшар басына дейін аспалы жол жалғасады. Жоспар бойынша аспалы жолдың құрылысы екі айда бітеді. Қазір кешеннің инфрақұрлымы да аяқталуға жақын.
Бахтияр Көпбосынов Жуалы ауданының әкімі:
— Газификацияның 90 пайызы келіп тұр. Су бұрғылау жұмыстары 250 метрден су шығуы керек. Қазіргі таңда 200 метр су бұрғылау жұмыстары жалғасуда. Сондықтан бұл жерде осы инфраструктура жұмыстары 80 пайызға аяқталды деп айтуға болады, — дейді.
Сонымен қатар, мұнда шағын қалашық бой көтереді. 4 гектар жер бөлініп, оған қонақ үйлер, мейрамханалар және 20 коттедж салынады. Демалыс орны Жамбыл мен Түркістан облыстарының қақ ортасында тұр. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойынан небәрі 7 шақырым қашықтықта. Одан бөлек қары қалың , қысы ұзаққа созылатын жердің табиғаты жыл он екі ай бойы туристерді тартуға таптырмайтын орын. Жоба толықтай жүзеге асса, тәулігіне 5 мың адамға дейін келіп шаңғы тебе алады. Туристік нысан келер жылы дайын болады.
Дереккөз: Jambyl tv