Қазақстан Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен ITF таэквондодан Азия чемпионатына бірінші рет қатысып отыр. Ел қоржынында 14 алтын, 2 күміс пен 6 қола медаль бар. Бұл жөнінде Астана әкімдігі хабарлады.
«Спортшыларға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктелді. Енді біз құрама команда лайықты жарыс көрсетті дей аламыз. Үздіксіз еңбек пен бапкерлердің стратегиялық дұрыс ойластырылған жұмысы, ата-аналардың қолдауы арқасында олар жоғары нәтижеге қол жеткізді», — деп жазылған хабарламада.
Әр елден барлығы 600-ге жуық спортшы өз шеберліктерін көрсету үшін келген. Азия чемпионы атағы үшін Малайзия, Иран, Судан, Қытай, Қазақстан және тағы бірқатар ел таласты.
Қазақстанның ұлттық құрамасын 12 спортшы таныстырды: Болат Бибарыс, Айдын Есқалиев, Арсен Амангелдинов, Айбек Маулен, Айбек Егизбаев, Степан Анохин, Екатерина Нұрперзентова, Жадыра Онжанова, Вячеслав Цой, Талғат Сайдалин, Игорь Ни және Ислам Ануарбек.
Екі алтын медаль мен Абсолютті Азия Чемпионы атағын иеленгендер: Степан Анохин, Талғат Сайдалин және Екатерина Нұрперзентова мен Болат Бибарыс. Ол небәрі 8 жаста және турнирдегі ең жас спортшы.
Сондай-ақ, Қазақстан қоржынына алтын медаль әкелгендер: Арсен Амангелдинов, Айдын Есқалиев, Вячеслав Цой, Ислам Ануарбек. Ал Жадыра Онжанова күміс медаль жеңіп алса, Айбек Егизбаев, Айбек Маулек, Игорь Ни қола жүлделі болды.
Дереккөз: Baq.kz