Облыста білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті

0 3

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізу қажеттігін атап өтті. Осыған орай, 30 қараша күні Тараз қаласындағы М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында педагог қызметкерлердің «Білім қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру» атты облыстық жиналысы өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова және білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп, балабақша директорлары, орынбасарлары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен педагогтар қатысты.

Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Рахимовтың, аталған департаменттің тергеу басқармасының басшысы Жаннұр Тасқұловтың баяндамалары тыңдалды. Басқосу барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы облыстағы білім саласында жемқорлық деңгейінің төмендегенін атап айтты. Жиынға қатысушыларға арнайы тақырыптық бейнеролик көрсетілді.

Күн тәртібіндегі мәселе аясында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы білім саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында балабақшаға балаларды кезекке қою және жолдама беру, мектепке баланы 1-сыныпқа қабылдау процестерінің автоматтандырылғанын жеткізді. Нәтижесінде, балаларды балабақшаға кезекке туылған күннен қою және жолдаманы үйден шықпай автоматты алу мүмкіндігі туды. Сондай-ақ, педагогтарды жұмысқа қабылдау қызметтері де автоматтық жүйеге көшірілгендігін, осы мақсаттағы www.jumys.sitcen.kz порталында бір ай көлемінде 132 бос жұмыс орны жарияланып, 70 қызметкер аталған жүйе арқылы жұмысқа қабылданғанын айтты.

Сонымен қатар, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында білім басқармасында «Жедел желі» телефоны (43-88-25, 43-88-39) іске қосылып, мектептерге бюджеттен бөлінетін қаржы спецификасы жазылған жадынамалар жасалды.

Жиын соңында мекеме басшыларына қандай да бір деректер анықталған жағдайда, оларды болдырмау және алдын алу бойынша қажетті шараларды күшейту керектігі айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.