Бокс туралы жазатын беделді The Ring журналы 2018 жылдың қорытындысы бойынша өз марапаттарының жеңімпаздары тізімін жариялады.
Орта салмақта әлем чемпионы болған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин екі номинация бойынша ұсынылды. Оның мексикалық Сауль Альвареспен өткен екінші кездесуі жыл жекпе-жегі болып танылды. Сонымен қатар, ол «Жылдың айтулы оқиғасы» номинациясына үміткер болды, алайда бұл атақты бокс кештерін трансляциялаудан бас тартқан НВО арнасы иемденді.
Жыл боксшысы атағын бірінші ауыр салмақта абсолют чемпион украиналық Александр Усик алды. Үздік бапкер атағы Василий Ломаченконың бапкері әрі әкесі — Анатолий Ломаченкоға берілді.
«Жыл нокауты» номинациясының жеңімпазы — Наойя Инуэ — Хуан Карлос Пайяно жекпе-жегі болды.
2018 жылдың оралу номинациясы супер ауыр салмақта өнер көрсететін Тайсон Фьюриге бұйырды. Сондай-ақ, оның Деонтей Уайлдермен кездесуінің 12-ші раунды — жыл раунды болып танылды.
«Жыл проспекті» атағына «Астана Арланс» экс-боксшысы хорватиялық Филип Хргович үміткер болған, алайда бұл атақты Теофимо Лопес жеңіп алды.
Дереккөз: Vesti.kz