Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап барлық өңірде тарифтер төмендейтінін жеткізді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«ПИК, қоқыс шығару, лифт қызметтеріне тарифтерді төмендетуге қатысты тапсырмаңызды орындау үшін бүгінгі таңда осы қызметтер бойынша тарифтер барлық өңірлерде төмендетілді. Бағалар мынадай көрініс табады: ПИК қызметтеріне 2,2%-тен 20%-ке дейін, қоқыс шығару қызметтеріне 1-24,7%-ке дейін, лифт қызметтеріне 3-50%-ке дейін төмендейді. Тапсырмаларыңыз орындалды», — деді ол Үкімет басшысына.
Сонымен қатар Сүлейменов министрлік «Қазтрансгаз» АҚ-мен бірлесіп, қосымша талдау негізінде Атырау және Қызылорда халқы үшін газға бөлшек сауда бағаларын төмендету бойынша уағдаластыққа қол жеткізгенін хабарлады.
Осыдан Премьер-министр Сүлейменовке «Барлық облыстарда тарифтер төмендеді ме?» деп сұрады.
«Барлық аймақта төмендеттік», — деді Ұлттық экономика министрі.
Осы орайда Сағынтаев 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап жауапты органдардың бәріне тарифтердің мәселесін бақылауға алуды талап етті.
«Осы бағытта жұмысты ары қарай жалғастыратын боламыз. Келесі жылы, Тимур Мұратұлы, Ұлттық банкпен бірге алдағы жылғы инфляцияның дәлізін қараған кезде табиғи монополиялардың субъектілерінің үлес салмағын анықтауымыз қажет», — деді Үкімет басшысы.