Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірқатар министрге нақты тапсырмалар жүктеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Елбасының тапсырмасына байланысты негізгі бағыттар бойынша министрліктердің алға қойған жоспары талқыланды. Бұған қосымша бірқатар тапсырма бар. Бірінші, Ұлттық экономика министрлігіне және әкімдерге Қаржы, Білім министрліктерімен бірге мектеп салу мен жөндеу функцияларын оларды қаржыландыру функцияларымен бірге өңірлерге беру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл бюджет процестерін оңтайлатып, мектеп салуды немесе жөндеуді жылдамдатуға мүмкіндік береді», — деді Үкімет басшысы.
Екіншіден оның айтуынша, медицина жұмыскерлерінің практикалық даярлығын күшейту үшін Денсаулық сақтау министрлігі практикалық даярлыққа назар аудара отырып, халықаралық стандарттар бойынша оқытудың қазіргі заманғы бағдарламаларына көшу жөнінде ұсыныстар енгізіп, әкімдіктермен бірге биыл мемлекеттік ауруханаларды меншікті клиникалық базалар ретінде жоғары оқу орындарына беру мәселесін пысықтауы тиіс.
«Үшінші, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық экономика, Қаржы, Білім және ғылым министрліктермен бірге жұмыс істеп жүрген адамдарды үздіксіз оқыту кешені жүйесін іске қосуды қамтамасыз етсін. Жұмыс берушілермен ынтымақтаса отырып, салықтық шегерімдерді кәсіпорындардың персоналдарды оқыту шығындарына қолдану мүмкіндігін зерделесін. Қайта даярлау және біліктілікті жоғарлату курстарына ақы төлеудің воучерлік негіздерін қарастырсын. Электронды еңбек биржасының негізінде кәсіптік дағдыға оқытатын, сондай-ақ қажетті дағдыларды үйрететін және алған дағдыларды жұмыс берушілер мойындайтындай сертификат беретін оқу курстарының ауқымды тізбесі бар ұлттық оқытудың онлайн порталын іске қосуды қамтамасыз етсін», — деді Премьер-Министр.