2019 жылдың наурыз айында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілуге өтініш қабылдау аяқталды, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығы.
«Республика бойынша наурыз айында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау 154 ҰБТ өткізу пунктерінде жүргізілді. Өтініш қабылдау осы жылдың 1-15 ақпан аралығында жүргізілген еді», — деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.
Наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысуға 80042 оқушы өтініш білдірген. Оның ішінде 62678-і қазақ, 17086-ы орыс, 278-і ағылшын тілінде тапсырады. «ҰБТ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес ағымдағы жылы 24-29 наурыз аралығында өткізіледі. ҰБТ-ға осы жылы жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген білім беру ұйымдарының бітірушілері қатысады», — делінген хабарламада.
18-20 қаңтар күндері өткен алғашқы ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілген болатын. Алғашқы білім сынағына еліміз бойынша 34 687 талапкер қатысты.
Еске сала кетейік, 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өтеді. Бұл тесттерді түлектер қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында тапсырады. Қаңтардағы, наурыздағы және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерге сертификатпен ЖОО-ның тек ақылы бөлімдеріне ғана түсуге құқық береді, ал тестіге қатысу ақылы болады. Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша, басқа үлгідегі сертификаттар беріледі және де олар грант алуға жарамайды. Егер талапкер мемлекеттік грант алғысы келсе, онда ол міндетті түрде маусымда ҰБТ тапсырып, тек соның қорытындысы бойынша ғана грант байқауына қатыса алады және де жоғары балл жинаған кезде ғана бюджет есебінен білім ала алады.
Дереккөз: massaget.kz