Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға үлестік құрылыс кезеңінде несие беру ұсынылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Осы бағдарламаны ауқымды іске асыру үшін Ұлттық банкке үлестік құрылыс кезеңінде «7-20-25″ бағдарламасына қатысушыларды несиелендірудің орындылығын қарастыруды ұсынамыз. Өйткені барлық баспана осы кезеңде сатылады. Бұл үшін Кепілдік беру қорының кепілімен ипотекалық несие беру жүйесін енгізу ұсынылады. (…) Біз бұл механизм бағдарламаға қатысушылардың көп бөлігін қамтуға және халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», — деді ҚР ИИД министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті басшысының орынбасары Бақытжан Качаков «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі бойынша дөңгелек үстел барысында.
Качаковтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы халықтың төлем қабілеті жоғары топтарын қамтиды, олардың тұрақты табысы бір жұмыс істейтін адамға 150 мың теңгеден асады.
«Олар кез келген жерден 25 миллион теңгеге дейін жаңа тұрғын үйді таңдай алады. Министрлік бірнеше рет құрылысшылармен, «Баспана» ұйымымен бірлесіп, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін тұрғын үйдің жетіспеушілігі мәселелерін талқылады. Тұрғын үй көлемінің 70 пайызы немесе 60 мың тұрғын үй, 2018 жылдың қорытындысы бойынша тек ірі қалаларда салынды, — деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті басшысының орынбасары.
Сенатта айтылған деректер бойынша, елдегі тұрғын үй құрылысы көлемінің 80 пайызы азаматтардың қаражатын тартуға мүмкіндік беретін үлестік құрылыс жүйесімен қамтылған.