Жапон диетасы

0 10

Жапондардың салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануға қатысты өз дағдылары мен танымы бар. Олардың жергілікті климаты, ауа-райы мен дәстүрлі тағамдары денсаулыққа майдай жағады. Сол себепті жапон тағамдары негізіндегі диета өте пайдалы болады.

14 күндік бұл диета салмағыңызды қалыпты етуге көмектесіп, әсерді ұзаққа сақтай алады екен. Жапон диетасы зат алмасуды реттеуге арналған, сондықтан ағзаның асқорыту жүйесі дұрыс, жаңа жүйеге үйренеді.

Жапон диетасының тағамдарға талабы өте қатал. Мына тағамдарды тіпті аз мөлшерде тамаққа қосуға, ішіп-жеуге болмайды:

Тұз – ағзада судың тұрып қалуының бірден-бір себепшісі.

Қант. Ондағы қарапайым көмірсулар тез арада артық салмаққа айналады.

Ішімдік. Зат алмасуды баяулатып, адам ағзасынан улы заттардың шығуына тосқауыл болады.

Бидай наны. Нан, әсіресе бидай ұнынан пісірілген түрі, артық салмақтың дәнекері.

Жапон диетасы көкөністер мен жемістерге, ірімшік пен балыққа, етке негізделген, тым тәтті банан, інжір, жүзімді жеуге болмайды. Ет пен балықты өсімдік майларына қуыруға рұқсат. Ал астың біртүрлігінен шаршамау үшін, өсімдік майларының түрлерін алмастыруға болады.

Жапон диетасын танымал жапондық диетолог мамандар жасаған. Диетаға жапон дәстүрлі тағамдары да, сонымен қатар дәстүрлі дастарханға мүлдем сай келмейтін тағам түрлері де кіреді. Мысалы, жапон диетасы бойынша кофені көп ішуге болады, бірақ ол Жапониядағы ең танымал сусындардың қатарына кірмейді. Сондай-ақ диета шарттарында тұз тұрмақ, тамаққа еш дәмдеуіштерді де қосуға болмайды. Ал бұл жапон дәстүрлі дастарханы үшін жат.

Жапон диетасы бойынша таңғы асқа тек қара кофе стақанын ішу керек. Арасында көк шай ішіп, жеміс жеуге рұқсат. Алайда, кофе – жапон диетасының негізі. Диетологтар айтуынша, табиғи, жоғары сапалы кофенің құрамындағы антиоксиданттар денсаулыққа пайдалы.

Түскі асқа жапон диетасы сізге балық немесе етті көкөністермен  жеуге кеңес береді. Салатқа көкөністеді етпен бірге бұқтыруға болады. Оған қоса, жапон диетасы түскі астың шамасына шек қоймайды.

Кешкі ас – жапон диетасы бойынша рационның ең маңызды бөлігі. Піскен жұмыртқа, айран, ірімшік, жемістің кез келген түрін таңдасаңыз болады. Қаласаңыз, тіпті кешкі аста балық не ет, тауық жесеңіз болады. Әрине кешкі астың үлесі әлдеқайда аз болғаны жөн.

14 күнде осындай бір қарағанда дәстүрлі емес, ерекше диетаның арқасында 7-8 кг-нан арылуға болады екен. Осы себепті дәрігер мамандар бұл диетаны жылына екі реттен жиі ұстануға болмайды  деседі. Дәрігерлер жапон диетасын зат алмасуды ретке келтіріп, нәтижені ұзақ уақытқа сақтай алатын бірден-бір диета деп сипаттайды.

Әрине, диетадан кейін де салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану керек.

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.