Көлік және коммуникация министрінің бұйрығына сәйкес 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында сегіз тоннадан асатын жүк көліктеріне республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жүруге тыйым салынады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Шектеу Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды (Қарағанды өңірі), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қолданылады.
1 наурыздан 1 сәуірге дейін мұндай тыйым Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған өңірі), Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарына енгізілді.
Бұл шектеудің жолаушы және халықаралық деңгейде жүк тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды жүргізетін немесе зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсететін, сондай-ақ тамақ өнімдерін, жолаушылар мен жүк, дәрі-дәрмектерді тасымалдайтын немесе қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдарға берілген учаскелердегі қолданыстағы жамылғы бойынша жол-құрылыс жұмыстарына тартылған көлік құралдарына тыйым салынбайды.
Осыған байланысты республикалық маңызы бар жолдармен жүру үшін жүргізушілер көлігі рұқсат етілген салмақ нормаларынан асып кеткен жағдайда арнайы рұқсат алу керек.