Тараздық студенттер ЖОО-да парақорлық барын ашық айтқан
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мамандары білім беру мекемелерін аралап, жемқорлық деректерінің бар-жоғын анықтау үшін студенттер арасында сауалнама өткізіп жүр.
Қазірге дейін сол сауалнамаға қатысқан 70 студент Тараздың оқу ордаларында парақорлық барын ашық айтқан.
Адалдықтан аттағандардың аттарын атай алмаймыз, өкінішке қарай. Жемқорлардың есімін жасырып жазғандықтан, нақты дәлел мен дәйек жоқ. Бірақ студенттер арасында жүргізіліп жатқан сауалнаманың мақсаты да жазалау емес. Қайта азаматтарды параға жолатпау.
Данияр Тұрғамағанбетов, ҚР МҚІЖСЖҚІА Жамбыл облысы бойынша департаментінің жетекші маманы:
— Сауалнама жасырын түрде жүргізіледі. Сондықтан сұрақтарға шынайы және объективті түрде жауап беруді сұраймыз. Сіздерге сауалнама толтырылады. Сосын осы жәшікке өткізіледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің қызметкерлері бүгін Тараз мемлекеттік университетінде болды. Мұндағы студенттердің бірі білім ошағында коррупция жоқ деп сендірсе, енді бірі параға қолын былғағанның есімін біле тұра бірден жазуға сескенді.
Ақиқатын айту керек, жоғары оқу орнында жемқорлық бар деп ешкім ашық айта қоймас. Оқытушылар бірін-бірі ұстап беруге құлықсыз. Ал студенттер оқудағы проблемаларын оңай шешу жолынан айырылғысы жоқ. Парадокс. Жеңіл ақша қолдың кірі екенін біле тұра, қос тарап та мұны жарып айтуға мүдделі емес.
Бірақ бұлардың арасында өжеттілері де табылды. Оңай олжаға дәнігетіндердің есімін атамаса да, оқу орнында жемқорлықтың барын ашық айтып отыр.
Студенттердің сөзімен оқытушылардың кейбіреулері де келіседі. Бақыт Ерәлиева, оқытушы:
— Әрине, пара ұсынатын студенттер болады. Бірақ біз оған жол бермеуге тырысамыз. Жемқорлықпен күресуші орган бір айға жуық «Сенім жәшігі» акциясын өткізіп жүр. Сауалнаманың қорытындысы бойынша парақорлыққа бейім мұғалімдердің барын 70 студент көрсеткен екен.
Равиль Төлебаев, ҚР МҚІЖСЖҚІА Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры:
— Оқу орындарына барып, мұғалімдермен педагогикалық кеңестерге қатысып, бүкіл ұжымның алдында сол мұғалімдерді көтердік. Яғни оларға қанша студент көрсеткенін, қандай сыйақы алғаны жайында сөйлестік. Және де оқу орындарының басшыларына тиісті шара қолдану үшін тиісті ұсыныстар айттық.
Пара алып, бармағын шайнағандар берісі қыруар айыппұл төлеп, дүние-мүлкінен айырылса, арысы абыройын айрандай төгіп темір тордан бір-ақ шығады. Бұл бір жағы. Ал екінші тұсы мынадай. Пара алып, студенттің білімсіз жұмысқа орналасуына сеп боласыз. Ал ол бала ертең дәрігер болса, балаңызды емдеуге сеніп тапсырасыз ба?
Дереккөз: 24.kz