Жүйелі жоспар бар жерде табысты тірлік болады

0 6

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына маңызды Үндеу жолдағаны баршаға мәлім. Мемлекет басшысының Үндеуін теледидардан тыңдай отырып, мен де өзіндік ой-пікірімді қалыптастырдым.

Қ.Тоқаев сөз басында аса маңызды Үндеу жариялап отырғандығын, бұл еліміздің Коснтитуциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдауы екендігін жеткізді. Сонымен қатар, бұл шешім бойынша Елбасы Н.Назарбаевпен, өзге де биліктегі жауапты тұлғалармен кеңесіп барып, осындай қорытындыға келгенін де назардан тыс қалдырмады.

Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген нақыл сөз бар. Ел Президентінің осындай саяси қадамға жан-жақты ақылдасып барып, бетбұрыс жасауы нағыз көрегендіктің белгісі деп білемін. Сондай-ақ, ол өз сөзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі шешімге тоқталғандығының нақты себептерін де түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды әрі қарай лайықты жүзеге асыру, ішкі және сыртқы саяси сабақтастық пен тұрақтылықты сақтау сынды негізгі себептерді алға тартты.

Қ.Тоқаевтың бұл ұстанымдары ел тыныштығы мен тұтастығы үшін шын мәнінде бүгінгі қоғамға аса қажетті ұстанымдар деп білемін. Кезектен тыс сайлау өткізіп, Мемлекет басшысын тағайындау арқылы Қазақстанның алдағы даму жоспары одан әрі нақты негізде айқындала түспек. Ал, жүйелі жоспар бар жерде, табысты тірлік болатыны анық.

Саяси сахнада жүрген барлық билік өкілдерімен кеңесе отырып, қабылданған шешім оң нәтиже беретініне сенемін. Өйткені, олардың барлығы саяси сауатты, білімді, білікті, болашақты болжай алатын азаматтар. Өз Отаны мен туған халқына бей-жай қарамайтын елжанды ерлер барда еліміз де еңсесін тік ұстап, саяси науқанды табысты өткереді деген сенімдемін.

Қарғабаев Бектен Әбішұлы, «Жамбыл облысы Шу ауданының ерекше тәуекелді бөлімшесі, ядролық сынақтың ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ-нің жетекшісі, Шу ауданы, Жамбыл облысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.