Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшылығының қолдауымен «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында облыстың шалғай ауыл-аймақтарында кездесулер өткізілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері, Жамбыл облысының Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, «Қоғамдық келісім», «Аналар кеңесі», «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақсақалдар кеңесі», сондай-ақ «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының белсенді мүшелері қатысты.
Акция шеңберінде «Жаңғырған ауыл» жобасымен таныстыру, «Қазақтың дәстүрлі құндылықтары», «Отбасындағы әйелдер образы мен балалар тәрбиесі», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру», «Медиация – ел бірлігінің негізі», «Қазіргі заманғы дәстүрлі өнердің ролі», «ҚР этномәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі принциптері» тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция подполковнигі Ақмарал Жанысова жиналғандарға Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу» Заңының шеңберінде полиция қызметінің жұмысы туралы, қиын жағдайға ұшыраған әйелдердің «Дағдарыс орталығы» мен «Аналар үйіне» орнықтыру ережелері туралы қажетті ақпараттар берді.
«Қайырымдылық керуені» аясында әр ауданда 5 этностық отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді.
Айта кетейік, акцияның негізгі мақсаты – қоғамда мейірімділікті, өзара риясыз көмек жасауды, жасөспірімдердің, аналардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейтуді насихаттау болып табылады.