Білім саласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыста көптеген маңызды іс-шаралар атқарылып келеді. Бұл туралы ӨКҚ алаңында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамаловтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы ағымдағы жылдың 28 қаңтар мен 16 наурыз аралығында «Ауылым – алтын бесігім» атты балалар әлуметтік жобаларының республикалық байқауын өткізген.
Байқаудың іріктеу кезеңінен республикалық сараптау комиссиясы 5 оқушының жұмысын таңдап, олар республикалық кезеңге жолдама алды. Байқау қорытындысы бойынша Меркі ауданындағы №39 мектеп-гиназиясының 8-сынып оқушысы Жұлдызай Темірболат І-орын иегері атанып, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының атынан Ресей Федерациясының Владивосток қаласындағы «Океан» балалар орталығына демалуға жолдама алды.
Сонымен қатар, «Qazaq epos» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 6-10 оқушылар арасында республикада батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының бірінші (аудандық/қалалық) кезеңі өтуде. Байқау шарттары бойынша қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жазған нұсқасын мүдірмей айтып шығуы тиіс. Жыр жатқа айтудан байқауға облыс бойынша 388 мектептен 3827 оқушы және 1909 мұғалім қатыспақ. Байқаудың облыстық кезеңі мамыр айында қорытындыланса, республикалық кезең маусым-шілде айларында ұйымдастырылады.
Облыс әкімдігінің 2018 жылғы 30 наурыздағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес балалар мен жасөспірімдер арасында «Өз жерінді танып, біл» атты жоба жүзеге асырылып, мектеп оқушылары үшін өздерінің ауылына, көрші аудандарға және Тараз қаласына туристік экскурсиялар ұйымдастырылып, онлайн сабақтар, интерактивті жарыстар өткізілуде.
Өткен жылы туристік экскурсиялармен 63 мыңға жуық мектеп оқушылары мен колледж студенттері қамтылды. Олардың ішінде 11 300-ден аса бала ауданнан ауданға туристік саяхат жасаса, аудан ішіндегі киелі нысандарын – 36800 араласа, республиканың өзге өңірлеріне — 14500 бала саяхаттап қайтты. Ағымдағы жылдың басынан 2500-ге жуық бала өңірдің киелі жерлерінде туристік саяхатта болды.
Айта кетейік, өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше бірегей жобалар облыстың мектептері мен колледждерінде іске асырылуда. Атап айтсақ, «BestvidеoТуғанӨлке», «Виртуалды мектеп мұражайы», «BILIM анимация», «Оқы, тап!» облыстық онлайн байқауы, «BILIM FM мектеп радиосы. Аталған жобалар туған өлкенің тарихи, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқу-тәрбие үрдісіне енгізуге бағытталған.