23 сәуір күні өткен партияның кезектен тыс ХІХ съезінде «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ҚР Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынғаны белгілі. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының мәжіліс залында съез шешімімен ҚР президенттігіне ұсынылған кандидатты қолдау бойынша облыстық қоғамдық штабтың құрылғаны туралы брифинг болып өтті, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жергілікті ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы мәлімет берген штаб төрағасы Шәбден Тілеумұрат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі облыстық штаб құрылғанын жеткізді.
Облыс деңгейінде жұмыс жасайтын штаб төрағасының үш орынбасары бар. Олар – партия Саяси кеңесінің мүшесі, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, партия Тараз қалалық Саяси кеңесінің мүшесі, М.Х.Дулаты атындағы ТарМУ проректоры Асқар Абдуалы, облыстық Қоғамдың кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов.
Штабтың негізгі міндеті – президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қолдау көрсету, оның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру бойынша жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізу.
— Қоғамдық штаб құрамында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары, қоғам қайраткерлері, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ партия облыстық филиалы қызметкерлерінен құралған 73 адам (31 – облыстық қоғамдық штаб құрамындағы сенімді өкілдер, 32 – қоғамдық штабтың аппараты және 10 жасотандық жастардан жасақталған) бар. Сайлау науқанына жан-жақты әзірлік жасау, үміткердің сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру жөніндегі үгіт шараларын жүргізу, сенімді өкілдер мен белсенділердің жұмысын үйлестіру – штабтың негізгі міндеті, — деді штаб төрағасы Шәбден Тоқтасынұлы.
ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевты қолдауға арналған штабтар Тараз қаласында және облыстың барлық аудандарында құрылды.
Облыстық қоғамдық штаб өз тарапынан сайлау науқанын қолданыстағы заңнама аясында жоғары деңгейде өтуіне бар күшін салатын болады.