Бүгін «Қасиетті Рамазан» айына байланысты ЖД-158/7 мекемесі мен облыстық Дін істері басқармасының бірлескен шарасы болып өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Онда жазасын өтеушілерге дін турасында толыққанды ақпар берілсе, кәсіби тұрғыда діни сауатты мамандар түсіндірмелік жұмыстар жүргізді. Мұнан өзге, жиылған жамағат назарына арнайы бейнеролик ұсынылды. Мазмұны — өзге ағым жетегінде кетіп, опық жегендер өз тәжірбиелерімен бөлісіп, салдары мен орны толмас өкінішін жеткізген. Әсіресе, қазірде тек біздің елде ғана емес ғаламда өзекті, дауасыз дертке айналып отырған терроризм, экстремизм жайы да егжей-тегжейлі баяндалған. 40 минутқа жалғасқан бейнежазба баршаға ерекше әсер сыйлап, діни сауатсыздығынан адасқандардың арпалысы талайға ой салса, озық сабақ болды. Одан әрі тиісті басқарма өкілдері сотталғандардың сан сауалына жауап қатып, мол мағлұмат берді.
Айта кетейік, ЖД-158/7 мекемесіндегі 600-ден астам бас бостандығынан айырылғандар арасында ислам және христиан дінін ұстанатындар бар. Сондықтан олар үшін аптасына екі рет орталық «Һибатулла», «Әулиеата» мешітінің имамдары мен провославты шіркеудің дінбасысы келіп уағыз оқып, туындаған мәселелерді дер кезінде ақ-қарасын ажыратып, бұрыс бағытқа бойлауына жол бермейді.
Сонымен қатар, мекеме теологтары жоспарға сай жетісіне міндетті түрде 2 сабақ өтіп отырады. Биыл жазасын өтеушілер арасында ауыз бекітіп, ораза ұстағандар саны 170-ті құрап отыр.
ЖД-158/7 мекемесінің баспасөз хатшысы