Жамбыл облысында 292 орта мектеп түлектер кешін өткізуден бас тартты.
Мол дастархан, сәнді киім, серуендеуге арналған қымбат көлік жалдап, шығынға батпас үшін оқушылар осындай тоқтамға келген. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сәйкес мектеп бітіру кешіне орта есеппен ұл баланың қажеттілігіне 100-150 мың теңге қажет.
Ал қыздарға 150-ден 200 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалатын көрінеді. Қымбат мейрамханадан гөрі мектептің акт залын таңдаған түлектер «Шығынсыз кеш» акциясын ұйымдастырды.
Айта кету керек, биыл аймақта 340 жалпы білім беретін орта мектепті 8796 оқушы тәмамдайды. Оның 67 проценті ҰБТ тапсыруға өтініш берген. «Алтын белгі» төс белгісіне 328, ал үздік аттестатқа 245 бала үміткер болып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Оған облыс бойынша 10 арнайы пункт дайындалған.
Назерке Оңғарова, оқушы:
– Біз Тараз қаласының түлектері мектеп бітіру кештері, мейрамханаларда бағалы киімдер алу мен қымбат көліктерден тұратын кортеждерден бас тарттық. Оның орнына қасиетті Рамазан айында қайырымдылық жасауды жөн көрдік.
Айдын Досыбаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
– Мектеп бітіру кештері 12 маусымда «Болашақ жастардікі» деген тақырыппен барлығы мектеп қабырғасында өтеді. Балаларға қамқорлық көрсетпекші. Осы ақшаға қажеттілікке мұқтаж болып отырған көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасының балаларына береміз деп шешіп отырмыз.
Дереккөз: 24.kz