Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 29 мамырда «Хабар» арнасында алдағы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысатын кандидаттар арасында теледебат өтетінін хабарлады.
«Бірақ бұл дебатқа, қазіргі мемлекет басшысы, президенттіктен үміткер 7 кандидаттың бірі Қасым-Жомарт Тоқаев қатыса алмауы мүмкін. Өйткені, 29 мамырда елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтеді. Біз ондай жоғары деңгейдегі іс-шараның өтетінінен хабарымыз болған жоқ. Дәл қазір — президент сайлауының үгіт-насихат кезеңі. Сондықтан ондай іс-шаралар өте көп», — дейді Орталық сайлау комиссиясының өкілі Ләззат Сүлейменова.
Оның айтуынша, теледебатқа үміткерлердің штабынан 2 адам қатысса жеткілікті. Кандидаттың теледебаттан бас тартуға құқығы бар.
Айта кетейік, теледебат 3 раундтан тұрады. Бірінші раундтың тақырыбы – Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары». Екінші раунд «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» деп аталады. Үшінші раундтың тақырыбы – «Сайлаушыларға арнау». Онда қатысушылар тікелей сайлаушыларына арнап сөз сөйлейді.
Дереккөз: baq.kz