Жамбыл облысында «Бәсекеге қабілетті жасөспірімдерді тәрбиелеу – отбасы мен қоғамның қолында» тақырыбында жалпы аудандық ата-аналар жиналысы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қордай аудандық мәдениет үйінде аудандық полиция бөлімі, білім бөлімі, аудандық прокуратура және аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Е.Орынбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айхимбеков, прокуратура қызметкерлері, ювеналдық полиция тобының қызметкерлері, аудан әкімдігі білім бөліміне қарасты мекемелер, орталық аурухана қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.
Жиналыста кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы қылмыстың алдын алу, жасөспірімдердің ерте жүктілігі, жасөспірімдердің денсаулығы, жазғы демалыс маусымында өрт және су қауіпсіздігі мәселелері мен өзекті тақырыптар талқыланды. Ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты психологиялық кеңестер берілді.
Сондай-ақ іс-шара барысында Қордай аудандық полиция бөлімінің ювенальдық полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Ж.Қосжанова өз баяндамасында:
2019 жылғы 14 сәуірде «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабымен таныстырды. Баяндама соңында «балаларымыздың кемшіліксіз болуын қаласақ, өзіміз кемшіліксіз ата-ана болуымыз шарт» — деді.