Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған аудитория ашылды

0 18

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған аудитория ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Игі іс ҚР ІІМ мен Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиевтің бастамасымен орын алды.

Салтанатты іс-шараға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, ҚР Генералдар Кеңесінің Төрағасы полиция генерал-майоры Рүстем Қайдаров, Жамбыл облысы Полиция департаментінің және ҚазҰУ Заң факультетінің қызметкерлері, сондай-ақ Ғазиз Байтасовтың отбасы мүшелері мен туыстары қатысты.

Іс-шараны Жамбыл облыстық Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасының аға инспекторы полиция майоры Гүлмира Қойшыбаева жүргізіп, батырдың ерлігіне тоқталып өтті.

«Ғазиз Байтасов атындағы аудиториядағы сабақтар ЖОО студенттері үшін азаматтық ұстанымды қалыптастыруда және кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде патриотизмді дамытуда серпін болмақ», – деді ІІМ орынбасары Рашид Жақыпов.

Келесі кезекте ҚР Генералдар Кеңесінің Төрағасы Рүстем Қайдаров, сондай-ақ Ғ.Байтасовтың ағасы Үсіпәлі Қалиев сөз сөйлеп, Байтасовтың ерлік істері мен батылдығы туралы, азаматтардың өмірін құтқару үшін өз өмірлерін құрбан еткен ерлерді ешқашан ұмытпауымыз керек екенін айтты. Олар осы университет түлектерінің Отанға адал және кәсіби қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде лайықты қызмет ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиева Ғазизді ұмытпай, есімін құрмет тұтып жүрген барша ІІО қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Шара соңында жиналғандар 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың өшпес ерлікке қадам жасаған қаралы күнгі оқиға туралы деректі фильмді тамашалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.