Қазақстанда автокөліктерді техникалық байқаудан өткізуді тоқтату ұсынылды

0 0

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев автокөліктерді техникалық байқаудан өткізуді қайта қарастыру қажеттілігін айтты.

«Мойындау керек, шын мәнінде техникалық байқау ешбір негізі жоқ немқұрайлы шараға айналып отыр. Сол себепті техникалық байқау шараларын қайта қарастыру керек. Техникалық байқауды сапалы жүргізудің тетігі дайындалғанша, уақытша тоқтата тұруды ұсынамыз. Бұл ретте тиісті өкілетті органмен және «Атамекен» ҰКП, қоғам мүшелерімен осы тақырыпты талқылау қажет. Жалпы, «Техникалық байқау бізге керек пе?» деген сауалға жауап іздеп көру керек. Өйткені техникалық тексеру автокөліктерге қосымша жүктемеге айналып отыр. Оның соңы жемқорлыққа ұласып жатыр. Олар өз функцияларын орындамайды. Шын мәнінде, жай ғана формальды тексеру құралы ретінде шектелуде. Біздің агенттік техникалық байқау стансасынан өту форматын қайта қарастыру керек деп санайды», — дейді Данияр Сабырбаев.

Ведомство техникалық байқаудың сапасын арттырудың баламалы әдісі ретінде Қытай, Грузия және Германиядағы тәжірибені қолдануды ұсынды.

«Баламалы модельдер өте көп. Бізде Германия, Қытай, Грузияның тәжірибесі бар. Неліктен солардың әдістерін пайдаланбаймыз? Біз бұл тақырып бойынша азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп талқылауды ұсынамыз. Диалог құру керек. Сосын қандай модельді таңдайтынымызды шешіп алуға тиіспіз. Маған Грузияның тәжірибесі ұнайды. Олар техникалық байқаудан бас тартты. Сөйтіп, Еуропа Одағы қағидалары бойынша техникалық тексерулерді енгізіп жатыр. Бірақ олар оны қарапайым түрде жасады. Біз бұл мәселені талқылауға шығарып жатырмыз, менің ойымша, азаматтық қоғам өкілдері осы мәселені қолдауға тиіс», — дейді жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры.

Ал «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Қарғабайдың айтуынша, Алматы облысы бойынша көліктік қадағалау инспекциясымен бірлесе жүргізілген тексеру барысында «ватсап арқылы техникалық байқау» секілді заңсыз қызмет түрлері анықталған.

Дереккөз: baq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.