1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 мамыр-Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды. Ал, ҚР үкіметі жыл сайын 31 мамырда-саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп өткізуді қолға алып, содан бері бұл күн аталып келеді.
Ал, сонау жылдар қазақ халқының ұлт зиялыларынан айырылған қасіретті жылдары болып мәңгі есте қалды. Зұлматты кезең саналатын репрессия салдарынан елімізден 103 мыңға тарта адамға саяси айып тағылып сотталған болса, оның 25 мыңнан астамы атылу жазасына тартылған. Осы қызыл қырғында қазақтың қаймақтары «Халық жауы» атанып, абақтыға таңылған.
Талай ана баласынан айырылып, талай әйел жесір атанып, балаларымыз халық жауының баласы деген атпен қайда барса да жолдары жабылып, небір қиын-қыстау күндерді бастарынан өткізген. Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, ақырында халық жауы атанған зиялыларымыздың бірі сарысулық Ахмедия Сармолдаев еді (суретте).
Толығырақ айтар болсақ сонау Ораз Жандосов Қарағанды өңіріне қоныстанған халықты аштықтан сақтап қалу үшін үкіметтен келген көмекті таратуға Ахмедия Сармолдаевты сайлайды. Бірақ көмек уақытылы келе қоймай халық аштықтан қырыла бастайды. Елді аман сақтау үшін Арқа төсінен Қаратау қойнауына көшіруді бастайды. Көшуге шамасы жететін әлді-әлді деген алты мың шаңырақ Қаратау етегіне қарай ағыла бастайды. Қаратау өңіріне жеткенге дейін жол-жөнекей шығынға ұшырап, аман-есен екі мыңдай ғана шаңырақ жетеді. Алғашқы келген көш 32-жылы Қаракемерге орнығады. Ақырында Саудакент маңайына қайта қоныстанып тұрақтанады. Арып-ашып келген халықтың жағдайы оңала қоймады.
Осы сәтте Ораз Жандосов келіп жиналыс өткізеді. Онда жері шұрайлы, суы мол, балығы мен құсы бар мұнда аштықты тоқтатуға болады. Осыны ұйымдастырып аңшылықты үйрету Ахмедия Сармолдаевқа тапсырылады. Керекті ау мен қармақ, мылтықты тауып ел-жұрт еңсесін көтере бастайды.Осылайша 33 жылғы ашаршылықтан Ораз Жандосовпен бірге елді аман алып қалады. 1934 жылы егістік бітік шығады.Осы сәттерді көзімен көрген Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» деген кітабын досым Ахмедияға деп жазып берген екен. Қудалау сәттері басталғанда сол кітап Ахмедияның үйінен табылып, халық жауы деп абақтыға алып кетеді. Бір жағы Ораз Жандосовпен бірге жүргендігі тағы бар. Апталдай азаматтың артында жан жары мен балалары қалады.
Сол сәтте осы оқиғаларды бізге жырдай етіп жеткізген Өтелбай ақсақал бір жаста ғана екен. Әкесі ұсталғанда әйелім бар деп қана жазыпты.Балаларым бар деп айтпапты. Өйткені балам бар десе зияны тиетінін қайран әке жүрегі алдын ала сезіпті. Тысыр еткенді естіп, біліп отыратын құлақ білмей қойсын ба? Небәрі 8-сыныпты оқып бітірген ақсақалдың ағасы Өтебай сол халық жауының баласы есебінде Арқаға ауады. Сонда жүріп екі жыл Атасу ауылында ұстаздық етіп, 39-шы жылы орталарына қайта оралады. Үйленіп, 42 жылы армияға кетіп ауданда түрлі басшылық жұмыстарды атқарады. Бүгінде ұрпақтары есімдерін өнеге етіп еске алар текті әкенің ұрпақтары өсіп-өнген, оқыған, сауатты азаматтар.
Ал Өтелбай бір жасынан жетім қалған.Әкең кім деп сұрағандарға бала болса да жүрегі бір сұмдықтың болып жатқанын білгендей,тілі әлі шықпаған бала төсін ұрғылай береді екен. Кейіннен оқып жүргенде комсомолға халық жауының баласы деп алмаған. Сонымен қатар мектепті тәмамдағанда алтын медальға үлгерген жерінен, сол атақ қайта жабысып алмай қалған. Ыза мен намысқа булыққан жас жігіт өз біліміне сеніп, Ресей жеріне оқуға емтихан тапсырады. Сол уақыттағы М.Горький қаласындағы құрылыс институтына өз күшімен түсіп, оны 4 жылда аяқтайды. Еліне келіп Алматыда инженерлік механик оқуын қосымша бітіреді. Осы екі арада әкесіне ақталу қағазы келеді.
Онда «Әкең Сармолдаев Ахмедия Ресейдің қаласында ауыр науқастан өлді» делінген. Ал шындығында әкелері үйден қыркүйек айында ұсталып кеткеннен, қараша айында атылу жазасына кесілген екен. Кейіннен анықтай келе әке мәйітінің Талғар ауданының Жаңалық деген жерінде жерленгенін біледі. Бір өкініштісі бір шұңқырға 4600 адам, әр ұлттың өкілдері жерленген екен.
Ештен кеш жақсы. Жатқан жерін болса да көріп,өшкеніміз жанғандай күй кештік. 2011 жылы әкеміздің жерленген жеріне әйел бала-шағамызбен барып, арнайы құран оқып (суретте), топырағын әкеліп анамның қасына қойдық. Басына ескерткіш орнатып ас бердім,-деп еске алған еді Өтелбай қария асқан тебіреніспен…
Бүгінде 1974 жылы Қазақстанға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығының қайраткері деген төсбелгісімен наградталған, сонымен бірге ауданның Құрметті азаматы атанып, басқада толып жатқан мақтау, мадақтама қағаздарымен марапатталған Өтелбай Сармолдаев жан жары Орынкүл Құрманбекова екеуінен тараған 8 перзенттен 40-тан аса немере, шөбер сүйіп отырған бақытты жанұя иелері.
-1937 жылдың қыркүйек айында НВКД-нің қызметкерлері әкемді ұстап «халық жауы» деген жаламен қамайды. Әкемізді әкеткен соң үйге тінту, дүние мүлікке тәркілеу жасаған. Тінту барысында С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» атты кітабының бетіндегі «Қадірлі досым Ахмедияға»деген бірауыз сөзін факті ретінде таныған. Әкеміз халық жауы болып ұсталғаннан кейін жанұямыздың көрмеген күні жоқ. Тек 1957 жылы әкеміз ақталған соң ғана ел қатарлы өмір сүре бастадық. Бәрі де өтті, кетті. Жүректе сағыныш пен өткіншіге өкінетін сезім ғана қалды. Мейлі, ұрпақтарымыз аман, жамандықты көрмей өссе екен деген тілек қана. Аспанымыз ашық ел-жұртымыз тыныш болсын, деген қарияның жүрегін жарып шыққан толғанысы әлі күнге естен кетпейді. Өтелбай ақсақалдың жарқын бейнесі жадымызда…
Толғану. Сағыныш. Аңсау.Естелік. Адам баласы сезіммен өмір сүреді. Адамгершілік пен парасаттылық алға жетелейді.
Президентіміз тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.
Президентіміздің Үндеуі талай арман еткен ата баба аманаты орындалғандай қадам десекте болады.
Дариха Үмбетиярова, «Сарысу»