Жері малға қолайлы, табиғаты бақша мен егіншілікке ыңғайлы Меркі ауданында аймақтағы ірі ет өңдеу комбинаты және 2 мал сою пункті жұмыс істейді. Алғашқысы шикізатты өңдеп алыс жақын шет-елдерге экспортқа шығарса, кейінгісі тұрғындар игілігіне қызмет етуде. Ал қос пункт пен комбинатқа жеткізілетін аудандағы төрт-түліктің жағдайы ветеринар мамандарының бақылауынан өтеді. Жалпы ауданда 1 ветеринариялық станциямен қатар 14 ветпункт бар , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бүгінгі таңда аудандық ветеринариялық станцияда 133 маман еңбек етеді. Ең жоғарғы жалақы көрсеткіші 120 мың болса, ветеринариялық санитарлар 70 мың теңге еңбекақы алады. Бүгінге дейін аудандағы мүйізді ірі қара мен ұсақ малға профилактикалық іс-шаралар жоспарға сай жүргізілген. Нәтижесінде малдардың сарып ауруына шалдығуы азайған.
—Ауданымызда эпизотиялық жағдай тұрақты. Аса қауіпті аурулардың алдын-алу үшін диагностикалық шаралар уақтылы жүргізіледі. Сарып ауруын анықтау үшін мал дәрігерлері қан алып, талдама жасайды. Әсіресе дәрігерлердің үйімізге арнайы шақыртуымен келіп, қызмет көрсетуі ыңғайлы болды. Елдімекенде тұрған соң төрт-түлікте түрлі аурулар кездесіп жатады. Қазір семірткен малымызды комбинат тұрақты түрде сатып алады, соятын болсақ пункттерге тасмалдауға мүмкіндік бар, -дейді Меркі ауданының тұрғыны Д. Тәжібеков.
Сондай-ақ, ауданда ветеринариялық іс-шараларды жүргізетін 14 ветеринариялық пункт бар. Бүгінде оларды талапқа сай ғимаратпен қамту мәселесі өзекті. Ал мал өлекселерін залалсыздандыратын 4 биотермиялық шұңқыр мен өлекселерді өртейтін стационарлы, жылжымалы 2 инсениратор іске қосылған. 13 сібір жарасы көмінділерінің ошақтары белгіленіп, топографиялық картаға енгізілген. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоспарлы жұмыстар атқарылуда.