ЖАМБЫЛДА «МЫҢ БАЛА» ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДАСЫНА ТІРКЕУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0 18

«Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысу үшін алдымен 20 наурызға дейін 1000bala.elbasyacademy.kz сайтына тіркелу қажет. Оған ауыл мектептерінде білім алып жатқан 5-6 сынып оқушылары ғана қатыса алады. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облыстық «Жамбыл дарын» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиева айтты , деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Ол Олимпиаданың екі кезеңнен тұратынын да еске салды. Бірінші кезең онлайн форматта өтеді. Үміткер 4-8 сәуір аралығында таңғы 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында тестілеуден өту керек. 40 сұрақтан тұратын тестілеу екі бөлімнен тұрады: «Логикалық ойлау» және «Кеңістіктік ойлау», шамамен 60 минутты қамтиды. Оны смартфоннан, планшеттен немесе интернет желісіне қосылған компьютерден өтуге болады. Сондай-ақ, қатысушылар тестілеуден өз мектептерінде өте алады.

«Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтеді. Олимпиаданың екінші кезеңі 27-29 сәуір аралығында «Ustudy» өңірлік тестілеу орталықтарының базасында болады. Қатысушылар үшін көлік тасымалы және тамақтандыру ұйымдастырылады. Бұл кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілінде оқитын оқушыларға арналған қазақ тілі, орыс тілінде оқитын оқушыларға арналған орыс тілі, ағылшын тілі, жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімдерін бағалайды. Тестілеу 100 сұрақтан тұрады және 150 минутқа созылады», — деп түсіндірді спикер.

Брифингте белгілі болғандай, өткен жылдың жеңімпаздары да олимпиадаға қатыса алады, оларға бірден тестілеудің екінші кезеңінен бастап қатысу құқығы берілген.

Айта кетерлігі, олимпиадаға қатысу тегін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.